Үш тіл және үлкен міндет
Қазақстан Республикасының 2011-2020 жылдарға арналған Тілдерді қолдану мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасында еліміздегі өмір сүріп жатқан халықтардың мәдениеті мен дәстүріне құрметпен қарайтын, үш тілді еркін меңгерген, жан-жақты тұлғаны тәрбиелеу ісіне көп мән беріледі. Осы бағытта ұстаздарға артылған міндет зор.
Тәуелсіздік тізгіні қолымызға тиген алғашқы күндерден бастап елімізде тіл саясаты Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей басшылығымен салиқалы да, сындарлы түрде жүзеге асырылуда. Елбасы кезекті жолдауында: «Қазақстан халқы бүкіл әлемде үш тілді пайдаланатын жоғары білімді ел ретінде танылуға тиіс. Бұлар: қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі – ұлтаралық қатынас тілі және ағылшын тілі – жаһандық экономикаға ойдағыдай кірігу тілі», – деген болатын.
Мемлекет бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында Қостомар ауылының орта мектебінде «Жаңартылған білім беру жағдайында үш тілде білім беру: мәселелерді шешу жолдары және даму перспективалары» атты қазақ тілі пәні мұғалімдерінің аудандық семинары өтті. Зерделі кеңес барысында Қостанай ауданы әкімдігі білім бөлімінің әдістемелік меңгерушісі Әлия Ахметқалиева мен қазақ тілі және әдебиет пәні бойынша жетекші Қымбат Нұрғалиева сөз сөйлеп, іс-шараның маңызына тоқталды. Мектеп басшысы Мейрамхан Сағымбаевтың лебізінен соң, ұйымдастырушылар жұмысқа қызу кірісіп кетті.
Бағдарлама бойынша Бақыткүл Сағымбаева қазақ тілінен 6 «а» сынып оқушыларымен «Жаңбырмен жер көгерер» тақырыбында ашық сабақ өткізді. Ал, Қаршыға Серікбаева қазақ әдебиеті пәнінен 7 «а» сынып оқушыларымен Мұхтар Әуезовтің «Көксерек» шығармасын сахналаса, кішкентай бүлдіршіндер үш тілде «Ертегілер еліне саяхат» қойылымын көрсетті.
Сонымен қатар, мұғалімдер жаңартылған мазмұнда «Мектепте оқытудағы кедергілерді жеңу жолдары» (Н.Жатқанова, Қостомар ОМ), «Сабақ барысында үш тілде білім берудің әдіс- тәсілдері» (Н.Панияз, Айсары ОМ) тақырыбындағы коучингтерге қатысты. Алмагүл Сүлейменова «Білімнің бір биігі – үштілділік» атты сыныптан тыс іс-шара ұйымдастырды. Аудан мектептері ұсынған тақырыптық көрме де семинар мәнін аша түскендей.
Жаңагүл САҒИДОЛЛИНА,
Қостомар ОМ
қазақ тілі мен әдебиет
пәнінің мұғалімі
Добавить комментарий