Жаңа әліпбиге көшу – жаһан көшіне ілесу
Өткен апта соңында Қостанай ауданына Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының жаңа қазақ әліпбиін өзгертудің алғышарттары мен емле-ережелерін көпшілік арасында арнайы насихаттау тобы ат басын тіреді. Жиынға аудан мұғалімдері, бюджеттік ұйымдар қызметкерлері, мемлекеттік қызметшілер мен студенттер қатыстырылды.
«Ауданымызда қазақ әліпбиінің латын графикасына көшіру жобасын ілгерілету бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына орай, жаңа әліпби бекітілген соң, оны халыққа түсіндіру үшін алуан форматта іс-шаралар ұйымдастырылуда. Соның бірі – бүгінгі басқосу», – деп атап өтті аудан әкімі Қайрат Ахметов жиынның ашылуында.
Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының атқарушы директоры Ербол Тілешов қазақ әліпбиін латын графикасына көшудің маңызын ғылыми негіздерге сүйене отырып түсіндірді.
«Жалпы, қазақ тіліне әліпбилердің енгізілуіне әртүрлі факторлар себеп болған. Мысалы, араб графикасының қолданылуына діни фактор ықпал етсе, кирилл таңбасының енгізілуі отарлау саясатының нәтижесі еді. Тәуелсіздік алғаннан кейін әліпбиімізді өзіміз таңдауымыз – ерікті фактор. Сондықтан, бұған біз мұқият қарауымыз керек. Әліпби лингвистер мен тілшілер, филологтар мен мұғалімдер ғана шұғылданатын шаруа емес, әлеуметпен тығыз байланысты жұмыс. Сол себептен де сіздермен ақылдасуға келдік. 14 өңірге шығатын сапарымызды осы Қостанай жерінен бастап отырмыз», – деді Ербол Тілешов.
Осы реформаға қатысты ел арасында алып-қашпа әңгіме айтып жүргендер бар. Олар біріншіден латын әліпбиінде тіл ауыспайтынын, таңба ауысатынын түсінуі керек. Әлем лингвистерінің шарты: дыбыстың көп, таңбаның аз болуы. Мысалы, ағылшын тілінде 44 дыбыс бар, соны 26 таңбамен беріп отыр. Бізде 28 дыбыс бар, соны 42 әріппен жазып келеміз. Демек, қазіргі кириллица біздің жазуымызды бұзып отырғаны анық. Енді жаңа әліпби арқылы кезінде бұзылған, бүлінген грамматикамызды қалпына келтіруіміз қажет. Орталық директорының орамды пікірі осыған саяды.
Ербол Ердембекұлы «латынға көшсек, қалай болады, сауатсыздық жайлап кетпей ме» деген үрейдің орынсыз екенін айтты: «Тұрмыста қолданатын техникалардағы мәліметтер, ұшақ билеттерінде аты-жөніміз латынша жазылып, тіпті ұялы телефонымызға ауа райы туралы хабарлама да латын графикасымен келеді. Біз оны түсінбей қалып жатқан жоқпыз. Қазіргі әліпбидің 17 таңбасы көпшілікке белгілі. Қалған 13-14 таңбаны тез меңреніп алуға болады. 1-сыныпқа баратын бала 42 әріпті үш жарым айда үйреніп шығады. Демек, сауаты бар әр адамға 13 таңбаны жаттап алу еш қиындық тудырмауы керек. Елбасы 2006 жылы Қазақстан халқы ассамблеясының жиынында: «Қазақ әліпбиі орыс альфавитінің перифериясы, филиалы болуды тоқтату керек», – деді. Кириллица – славян халқының графикасы. Ал, латын деген кім? Ондай ұлт болмаған. Латын тілі өлген тілдердің қатарында, ешкім сөйлемейді. Кейбіреулер латын тілін ағылшыншамен шатастырады. Дұрыс емес. Әлемдегі 7 млрд 450 млн халықтың 48% латынды қолданады екен».
Латынға көшу не береді?
Біріншіден, дүние жүзінде ең дамыған 20 елдің 18-і осы графиканы қолданады.
Екіншіден, бүгінгі ғылым мен технологияның 77% осы әліпбиде жасалады. Ал, кирилл қарпінде 0,3% ғана. Ғылым мен инновацияда бұл әліпбидің бәсекеге қабілеті латын графикасынан 223 есе төмен.
Үшіншіден, жер бетінде 200 млн түркі халқы бар. Соның 55,6% – латын, 25% – араб графикасын, 17% ғана кириллицаны қолданады. Біз тағы да азшылықтың ішінде қалып отырмыз. Қазақстан көшсе, түркі халықтарында 7-7,5% ғана қалады. Латын әліпбиінде 70% болады. Латын әліпбиіне көшу – ажырап қалған ағайынмен түсінудің де құралы.
Арнайы топ мүшелері осындай мазмұндағы мәліметтерімен бөлісіп, жұртшылықты жаңалықты дұрыс қабылдауға шақырды.
Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы орфография бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты Гүлфар Мамырбекова жаңа емле ережесінің құрылымымен таныстырды.
Маман келтірген мәліметке сүйенсек, жаң емле ережесінің құрылымы тоғыз тараудан тұрады. Яғни, әріптердің, түбір сөздің емлесі, бөлек, бірге жазылатын, дефиспен, бас әріппен келетін, кейбір кирилл әріптері мен кейбір қысқарған, өзге тілден енген сөздердің тасымалдану ережесі қамтылған. Онда орыс әліпбиіндегі сегіз таңба жоқ. Э, ю, я, щ, ц сияқты дыбыстарды таңбалауда қазақ тілінің артикуляциясына сай біраз өзгешеліктер бар. Мәселен, «э» қазақша «е» әрпімен, «ц» – «с», «ё» – «ө», «ю» – «иу» әріп тіркесінен «ү» таңбасы арқылы берілетін болған (элемент – елемент, цирк – сирк, режиссёр – режиссөр, юпитер – үпитер, т.б.).
«Жаңа емледе тағы қандай жаңалықтар бар? Мысалы, қазырет, ақырет, құзырет деген сөздер «ы» дыбысы арқылы жазылатын. Оны қазір жіңішкемен бердік. Неге? Өйткені, қосымша жалғағанда «құзыретты» деп айта алмаймыз ғой, «құзіретті» дейміз. Сол секілді «тауқымет» сөзі де жіңішке дыбыспен берілетін болды. Екінші бір жаңалық: бұрын үшінші жақта тәуелдегенде «ауылы», «дауысы» деп жазатын едік, енді ортадағы «ы» дыбысы түсіп қалады да, «аулы», «даусы» деп жазылады. Себебі, жаңа әліпби үнемділікті, ықшамдылықты талап етіп отыр. Сондай-ақ «Елбасыға» емес, «Елбасына» болуы керек. Кейбір сөздер г-мен таңбалауға ауыстырылған еді, бірақ оны халық қабылдаған жоқ. Сол үшін оны қайтадан, базалық, орныққан жүйеде қалдырдық. Мысалы, қыргүйек – қыркүйек, шегара – шекара, көгөніс – көкөніс. Тағы бір айта кететін мәселе, бөлек немесе қосып жазылатын сөздерге қатысты. Бұрын «орта азиялық» деп бөліп жүрсек, жаңа ережеде «ортаазиялық» деп жазылды. Яғни, бір ғана ұғымды беретін сөздерге лық, лік, тық, тік қосымшалары жалғанғанда қосылып жазылады», – деп түсіндірді ғалым.
Аслан ЖАҚСЫЛЫҚҰЛЫ
Добавить комментарий