Батыр ана бақыты – балаларында

Батыр ана бақыты – балаларында

Адамзатқа әлемнің жарығын сыйлайтын – Ана! Ел қорғаған батыр да, сөз маржанын терген ақын да ананың құрсағынан жаратылды. «Жәннат – ананың табанының астында» – деген қасиетті хадисте. Осы сөздің астарында теңіздей терең мағына жатқаны аян. Өмірдің мәні мен сәніне айналған ардақты аналарға берілген ең лайықты баға. Осындай ардақты аналарымыздың бірі Ағайша апамыз бүгін, 23 қарашада  80 жасқа толды. Бұл Батыр ана он баланы дүниеге әкелген асыл жан. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, бүтін бір әулеттің алтын арқауы болған аяулы ананың бар арманы балаларының амандығы. Аппақ орамалы мейірімді жүзіне жарасып, «айналайын» деп немерелерінің маңдайынан сүйіп, аялы алақанымен ақ батасын төгіп отыратын Ағайша анамыз өз әке-шешесін сағына еске алды. «Әкемнен төрт жасымда жетім қалдым. Сұрапыл соғыс жылдары еді, тоғыз жасар ағам Ғабжелел екеумізді анашым  Шәшті өсірді. Соғыс жылдарының бар тауқыметін арқалап, балалары үшін өмір сүрген анашымның мейірімді жүзі мәңгілікке көз алдымда, жылы сөздері құлағыма еміс-еміс естілетіндей. Үлкен жүректі анашым, өзі көрген қиындықты балаларым көрмесін деді ме,  жарғақ құлағы жастыққа тимеді. Күн-түн демей еңбек ете жүріп, бала тәрбиесімен айналысты. 1942 жылы қанды майданға аттанған әкеміз Сарығожа Құдайбергенов соғыс аяқталуға бір жыл қалғанда қаза тапты. 1944 жылы тамыз айында әкемнің қазасын естіртетін қара қағазды ауыл ақсақалдары балалары есейсін деп, 1948 жылы ғана асқар тау әкемнен мәңгілікке айрылып қалғанымды жеткізді. Бұл суық хабарға дейін анашым үмітін үзбей, хат жазуын тоқтатпай, әкелерің аман-есен оралады деп, алаңдап қара жолға қараумен жүретін… Мен де әкемді бір көрсем деген арманмен өстім. Ұлы Жеңіс мерекесінде ардагерлер арасынан іштей іздейтінмін, оларға қызыға қарап, әкеме деген сағынышым арта түсетін. Көзкөргендерден сұрап, ойымдағы жан әкемнің бейнесін қалыптастыруға тырысатынмын. Әкемді соңғы көрген адамдардың бірі Шилі ауылының тумасы, Ұлы отан соғысының ардагері Қамалов Мұратқали  ағай болатын еді. Майдангердің айтуынша әкешім Сарығожамен Ленинград облысы маңайында әскери бөлімшенің бірінде кездесіпті. Сонда әкем: «бізді қауіпті аймаққа апара жатыр, сен әлі жассың, елге ораларсың» – деп, қалтасындағы бет орамалын  беріп кеткен екен. Сол кезде Мұратқали атамыз шамамен 17-18 жасар бозбала болса керек, әкемнің естелігін есінде сақтап, айтып жүретін. Биыл балаларымның арқасында әкемнің жерленген жерін тауып, жаным тынышталғандай болды. Майдангер әкем Ленинград жерінде жерленіпті. Ендігі арманым басына барып, қол жайып, құран бағыштау» – деп, ақ жаулықты асыл ана қалың ойға бөленді.

1958 жылы Торғай орта мектебін  тәмамдап, арман қуып  Алматы қаласына аттанған Ағайша апамыз С.Киров атындағы ҚазМУдың механика-математика факультетіне  түсіп,  1963 жылы тәмамдайды. Студенттік шақтың қызықты кезеңдерін де  үнемі еске алып, жатақхананың бір бөлмесінде басталған  алты қыздың достығы жайлы әңгімелегенді жақсы көретін анамыз, төрт жыл бойы бір үзім нанды бөліп жеген сол құрбыларымен бүгінгі күнге дейін қарым-қатынастарын үзбеген достыққа берік, ортасына сыйлы жан. Жан жары Сәруәр ағамыз екеуі Алматыда университет қабырғасында танысып, 1963 жылы бас қосып, елге бірге оралып, еңбек жолдарын бірге бастайды. Туып өскен елі Торғай облысына қарасты Көкалат ауылы  (Еңбек кеңшары) Албарбөгет орта мектебінде математика пәні мұғалімі болып еңбекке араласқан Ағайша апамыз ұстаздыққа отыз жылын арнап, жемісті еңбегі үшін «Қазақ КСР оқу ісінің үздігі», «Халық ағарту ісінің озық қызметкері» белгісімен, бірнеше облыстық, республикалық сайыстардың мадақтамаларымен марапатталған. Елеулі еңбек жолын отбасының берекесімен қатар алып жүре білген Ағайша апамыз Сәруәр ағайдың  қасындағы қолдаушысы, жанұясының жылуы бола білді. Ағамызбен үлкен өмір мектебінде қол ұстасып бірге келеді. Тағдырдың дауылы мен боранына, нөсері мен жаңбырына қарсы тұрып, алға қарай шыңдалды, алға қарай шынықты…

1971 жылы ағамыздың қызметі ауысып, Қызбел кеңшары  Ақсуат орта мектебінде (қазіргі М. Дулатов атындағы) 11 жыл ұстаздық етеді. 1982 жылы Шилі ауылына ауысып, Қ.Жармағанбетов атындағы орта мектепте 10 жылдан аса   еңбек етіп, 1991 жылы  зейнеткерлікке  шықты. «Шәкіртсіз ұстаз тұл» дегендей, Ағайша апай еңбек жолында қаншама шәкірттер тәрбиелеп, қажырлы еңбек атқарды. Алғаш ұстаздық жолындағы шәкірттері еліміздің белгілі тұлғалары ақын  Қонысбай Әбілов, Түбекбай Әубакиров т.б. азаматтар. Сонымен қатар, осы жолдардың авторы – мен де ұстазға алғыс айтып отырған оқушыларының бірімін. «Ұстаз болу адамның асылдығы» дегендей, Ағайша апай бізді тек білім нәрімен ғана сусындатып қойған жоқ, өз ісімен, асыл қасиеттерімен үлгі бола білді. Осындай аналарымыздың өнегелі өмір жолдары мейірім ұясы іспетті.  Тоғыз ай, тоғыз күн құрсағында көтерген баласын ақ сүтін беріп өсіретін, сонымен бірге адалдық, имандылық, адамгершілік қасиеттерді сәби бойына сіңіретін де осы аналар.

Ағайша апамыз 1980 жылы көпбалалы «Батыр ана» атанып, КСРО-ның «Алтын жұлдыз» төсбелгісін иеленді. 2006 жылы Қазақстан Республикасының Президенті жарлығымен көп балалы ана ретінде «Алтын алқа» төс белгісімен марапатталды. Ананың ақ сүтімен иман нұры да бала бойына тарайды дегендей, балаларының барлығы да қияға қанат қағып, биікке самғады. Бүгінде еліне адал қызмет етіп жүрген азаматтар.

Ағайша апамыз әрқашанда «Аллаға шүкірлігін» аузынан тастамай, немерелері мен шөберелерінің  тілеуін тілеп отырған асыл әже. Сәруәр ағамызбен алпыс жылға жуық бірге отасып, өздері туып-өскен Торғай жұрты, алыс-жақындағы көз көрген, құлақ естіген ағайын қызығып, марқайып айтып жүретін өнегелі өмірлерімен сыйлы да құрметті үлкен әулетке айналды. Тек тіл-көзден сақтасын демекпін!

Құрметті Ұстаз! Мерейтойыңыз құтты болсын! Жүз жасаңыз!

Қайнекей Жармағанбетов атындағы Шилі
орта мектебі түлектерінің атынан Жұмагүл Ерғосым

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


Поделитесь этой новостью!