Жүректі ұландарымыз жүлдесіз емес
Жақында Қостанай қаласындағы политехникалық колледже жекпе-жектен ашық облыс біріншілігі өтті. 8 бен 19 жас арасындағы 150 спортшы қатысқан сайыста Қостанай ауданының спортшылары тәуір нәтиже көрсетті.
Ашық облыстық турнирде тек жекпе-жек спортының өкілдері ғана емес, әскердегі қоян-қолтық ұрыс, ережесіз жекпе-жек, грепплинг, у-шу және джуи-джитсу спортшылары да бақ сынады. Қостанайға Астана, Арқалық, Рудный қаласының және Ақтөбе облысының спортшылары келді. Қостанай ауданының намысын Совхоз орта мектебінің оқушылары (Октябрь ауылы) қорғады. Қатысушылар «Вершина», «Темірлан», «Барыс», ҚР ІІМ академиясының спорт клубы, «Мирош-файт» және «Динамо» клубтарының қатарында өнер көрсетті.
Жекпе-жек турнир қатарынан үшінші жыл өткізілуде. Тәуелсіздік күніне орай ұйымдастырылады. Биыл қатысушылар саны алдыңғы жылдармен салыстырғанда айтарлықтай өскен. Көптеген жерлерде жаңадан залдар ашылып, аталмыш спорт халық арасына кең таралып жатыр.
Жарыста қыз балалар да бақ сынады. Мәселен, Октябрь ауылының 12 жасар тұрғыны Дарья Жукова 48 келіге дейінгі салмақта жеңімпаз атанды.
– Финалда кездескен қарсыласымды жақсы білемін. Бұрын қатысқан жарыстарда да оны жеңіп жүрдім. Менен үш жас үлкен. Сондай-ақ, баскетболмен айналысып жүргеніме бес жыл болды. Қазір маңызды жарысқа дайындалып жатырмын. Күрес залына бір ай бұрын ғана келдім. Өзімді байқап көргім келді. Мен жеңгенді жақсы көремін, сол себепті аянбай тер төгіп, дайындықтарды жібермеуге тырысамын, – дейді Дарья.
65 келіге дейінгі салмақта Октябрь ауылының тағы бір тұрғыны Жандос Ережепов бірінші орын иеленді.
– Мен алғашқы минуттарда қарсылысымды зерттеуге тырысамын. Сондықтан басында жеңіліп жатуым әбден мүмкін. Бірақ, қарсыласымның ұрыс мәнерін біліп алған соң, жеңіске жетемін. Бұл менің жекпе-жектегі алғашқы үлкен жарысым. Бокспен екі жыл айналысып жүрмін. Жекпе-жектің техникасы басқа, соққылары мен әдістері өзгеше, маған қатты ұнады, – дейді Жандос.
Жекпе-жектен Қостанай облыстық федерациясы биыл Октябрь ауылы мен Әулиекөл ауданында арнайы бөлімдерін ашты. Октябрь ауылында жекпе-жекке қатысамын деген балаларды балуан Данияр Файзолла дайындайды. Айтуынша, үйірмеге 20-дан астам бала келеді. Дарья мен Жандостан бөлек, аталмыш турнирде тағы басқа да шәкірттері жүлдеге ілікті. 33 келі салмақта Дәулет Ғазез (10-11 жас), 55 келіде Диас Беков (12-13 жас), 54 келіде Ернар Нұрмұханов (14-15 жас), 55 келіде Айбор Файзолла (16-18 жас) 3-орын иеленді. Сондай-ақ, 14-15 жас аралығында 64 келіге дейінгі сайыста Диас Дүйсекин 2-орынға қол жеткізді.
Жекелеген спорт түрлерінің айла-тәсілдерін қосқан жекпе-жектің қазіргі таңда қызығын талмай тамашалайтын жанкүйерлер өте көп. Олимпиадалық спорт түрі болмағанымен, ел ішінде кең таралып, жыл сайын жаңа тұжырымдары дүниеге келіп жатыр.
Алда Атырауда өтетін жастар арасындағы әлем чемпионаты бар. Онда мықтылар аз болмайды, әрине. Америкалықтар да, бразилиялықтар да келмек. Қостанай облысы жекпе-жекте республика бойынша үздік үштікке кіреді. Жақында Астанада өткен Азия біріншілігінде Қостанай облысынан төрт спортшы қатысып, Рахат Жейсамбаев пен Анхат Жаншораева үшінші орын, Темірлан Жабаев екінші орын иеленсе, Александр Астапов алтыннан алқа тағынған.
Қазан айында осы спортқа жаңа келгендер үшін облыстық жарыс өткізілді. Оларға міндетті түрде бас киім кигізіп, кейбір қауіпті соққыларға тыйым салынды. Бұл сайысқа 200-ден астам адам қатысқаны, облысымызда жекпе-жектің қарқындап дамып жатқанына тағы бір дәлел.
Алмас БАЙДРАХМАН
Добавить комментарий