Өткенге – тағзым, болашаққа – тағылым
Жақында ұлттық музейде Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасы аясында Мәдениет және спорт миинстрлігінің ұйымдастыруымен «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» атты ІІ республикалық форум өтті.
Форумда жалпыұлттық және аймақтық маңызы бар тарихи нысандарға арналған екі жинақтың тұсауы кесілді. Екі кітап қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде 1000 дана таралыммен жарық көрсе, Қазақстанның киелі жерлері бойынша арнайы энциклопедия қазақ, орыс тілдерінде 2000 дана таралыммен шығарылған. Энциклопедияның алғашқы томында Астана мен Алматы қалаларының және Ақмола мен Алматы облыстарының қасиетті жерлері кірген.
Жалпыұлттық және аймақтық киелі жерлердің тізімі екі бөлек кітап ретінде тұңғыш рет жарық көріп отыр.
– Бұл – біздің ортақ еңбегіміз. Арнайы сараптамалық кеңеске енген белгілі ғалымдар, қоғам қайраткерлері әрбір нысанды кеңінен талқыға салды. Аймақтардан жіберілген тізімнің 90% енді. Осы жұмыстарды әлі де жалғастыру қажет. Біз киелі жерлерді анықтадық. Ендігі мақсат – соның барлығын кеңінен насихаттау, – дейді «Киелі Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы Берік Әбдіғалиұлы.
Алдағы уақытта барлық нысандарға онлайн сапар жасау қызметі қосылмақ. Қазақ халқының біртұтас тарихын қамтуды көздеген жоба өз мақсатының бірінші кезеңін аяқтап отыр. Ендігі кезекте осы карта бойынша жасалған тізімді халыққа кеңінен насихаттап, тарихи сананы жаңғырту. Жұмыс тобы ежелгі кезеңнен бастап бүгінге дейінгі әрбір тарихи кезеңді ескеруге тырысқан. Елдің тұтас тарихы ұлттық сана-сезімді қалыптастыру үшін қажеті екені анық.
– Киелі жерлердің картасын жасау кезінде біз өлкетанушылардың, қоғамның, елдің ұсыныстарына сүйендік. Сіздердің ақпараттарыңызды барынша ескеруге тырыстық. Біз ең алдымен дәстүрге сүйендік. Ол негізгі ұстанымымыз болды. Біз үшін тарихи нысанның археологиялық құндылығы мен архитектуралық әсемділігі маңызды емес, ең бастысы – аңызы, – деді Берік Әбдіғалиұлы.
Қостанай облысынан өңірлік маңызы бар киелі жерлер қатарына 19 нысан кірді. Солардың бірі – Жазы би кесенесі. Кесене Алтынсарин ауданы, Ілияс Омаров ауылдық округі, Қызыләскер ауылында орналасқан.
Жазы би Жанұлы 1790-1840 жылдар аралығында өмір сүрген. Атақты би, Қарабалуан Алдиярұлының шөбересі. Қостанай облысы, Алтынсарин ауданының тумасы.
Жазы би Ресей империясының құрметті азаматы, казак Язм Янов армиясының сержанты болған. Шоқанның әкесі полковник Шыңғыс Уәлихановтың жақын жолдасы болды. Кенесары Қасымов ханның өзі Жазы бидің сөзіне тоқтаған.
Сібірдің генерал-губернаторы Михаил Сперанскийдің жеке сұрауы бойынша Жазы би қазақтың ата-бабалары салып кеткен Есім хан тұсындағы шекарамен шектес қамалдың негізінде Орынбор мен Сібірдің арасындағы шекараны анықтап жүргізген. Жазы бидің Шоқан Уәлиханов ордасынан Омбы қаласына дейін жүргізген пошта жолының іздері қазіргі уақытқа дейін сақталған.
ХІХ ғасырдың 1920-1940 жылдарындағы Ресейдің Қазақстан даласына жасалған экспедициялардың барлығы Жазы би Жанұлының қатысуымен өтетін. Жазы би экспедиция кезінде бес жүз сарбазы бар жасақты басқарған, оның екі жүзі казактар, ал үш жүзі қазақтар болған.
Жазы би туған жерінің шекарасының тұтастығы үшін күрескен. Жазы би ел есінде халық ауыз философиясының, тарихтың, Қазақстан географиясының көрнекті білгірі ретінде сақталып қалды. Шамамен 2000 жылы Жазы би мазарына оның ұрпақтары қызыл кірпіштен кесене салынып, ескерткіш тас орнатқан болатын.
Жазы би кесенесінен бөлек өңірлік маңызы бар киелі нысандар тізіміне Омар құдығы, Шоқай би, Сатыбалды ишан, Құтан әулие кесенелері, Айса бөгеті, Татыр шайқасына арналған белгі, Тілеп Аспантайұлы жатқан жер, Сарытүбек (А.Байтұрсынов туған жері), Күнтимес (Ш.Уәлиханов туған жері), Қазыбай әулие, Баймырза әулие, Мұхамеджан Сералин, Маңдай батыр, Түркібай ата, Қоянақ әулие, Жабағы батыр бейіттері, Әулие Никольский шіркеуі және Ақ мешіт енгізілді.
Алмас БАЙДРАХМАН
Добавить комментарий