Мәслихат пен әкімдер – мемлекеттің қос тірегі

Мәслихат пен әкімдер – мемлекеттің қос тірегі

3 қазанда елордамызда «Amanat» партиясының ұйымдастыруымен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының II респуб­ликалық форумында сөйлеген сөзінде  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәслихат пен әкімдер – мемлекеттің қос тірегі деп атап өтті. Бұл өте маңызды сөз, өйткені мәслихат депутаттары мен жергілікті әкімдерді үлкен сеніммен халық сайлайды, үміт артады. Сондықтан халық қалаулылары мен әкімдердің мақсат – міндеттері бір болуы тиіс- халқына қызмет ету.

Ауыл, аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін тікелей сайлау жүйесі елімізде жаңа саяси ахуалдың қалыптасуына жол ашты. Халық сайлауда өзі үміт артқан адамына дауыс беріп, қоғамдық – саяси белсенділік танытып, елінің дамуына атсалысуына мүмкіндік бар.

-Жергілікті атқарушы билікке жаңа буын өкілдері көптеп келе бастады. Кәсіпкерлердің, қоғамдағы белсенді азаматтардың, жастардың арасынан шыққан әкімдер аз емес. Қазір олар ел басқару ісін үйреніп, тәжірибе жинап жатыр. Жедел шешім қабылдап, жұмысты дер кезінде ұйымдастыруға бейімделіп келеді. Бұл қыста жылу-энергетика саласында күрделі жағдай болған кезде анық байқалды. Көктемдегі тасқын да кімнің қолынан іс келетінін нақты көрсетті. Шаруаға ширақ әрі елге жанашыр азаматтардың әкім болғаны дұрыс. Оларға жан-жақты қолдау көрсету керек. Әсіресе мәслихат депутаттары мен әкімдердің бірлесе жұмыс істегені жөн. Өйткені оларды мемлекеттің жергілікті жердегі қос тірегі деуге болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өз сөзінде Мемлекет басшысы мәслихаттардың жергілікті экономикалық саясатқа ықпалын арттыра түсу мәселесіне айрықша мән беру керек екенін де атап өтті.

-Қазір жаңа Бюджет және Салық кодекстері әзірленіп жатыр. Онда жергілікті өзін-өзі басқаруға қатыс­ты реформаның ерекшеліктері ескері­луге тиіс. Үкімет ауыл әкімдерінің бюджетін қалыптастыру мен оны жұмсау тәсілдерін қайта қарауы керек. Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесінің қаржылық дербестігін арттыру үшін нақты ұсыныстар әзірлеуі қажет. Кодекс жобаларын талқылауға мәслихаттар белсене қатысқаны жөн. Жергілікті бюджет қаржысының дұрыс әрі тиімді бөлінуі өте маңызды. Депутаттар бұл мәселеге зор жауапкершілікпен қарауға тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Түптеп келгенде, алдымызда тұрған мақсат – ортақ. Бұл – елімізді өркендету және халықтың тұрмыс сапасын жақсарту.

Жұмагүл Иргасымова,
Қостанай аудандық
мәслихатының депутаты

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


Поделитесь этой новостью!