Наурыз – шаттық, Наурыз – той
Сап тыйылып Сарыарқаның бораны, Күн өрлейді күмбезінен жоғары. Наурыздың 22-сі толғанда, Тоғысады тоғыз жолдың торабы… Аймақ тұрғындары мерекені ерекше көңіл-күймен қарсы алды. Барлық дерлік ұйымдарда Ұлыстың ұлы күні жаппай тойланды. Бір-біріне бірлік, береке, ынтымақ тілеген ағайын сағынысып көрісіп, мерекені әркім әртүрлі қарсы алды.
Мәселен, шағын тәрбие мен білім ордасы «Гүлдер» бөбекжай-бақшасында Наурыз тойы 20 наурыз күні аталып өтті. Бұл тойда тәрбиеленушілердің әжелері негізгі кейіпкерлер рөлінде сыналды. Әже деген – асыл сөз, тәрбие көзі, мейірімділік пен сыпайылық символы, әдет-ғұрыпты жалғастырушы. Сол себепті де 6 топтың балаларының арасынан 1 әжеден таңдалып, «Әжелер сөзі – тәрбие көзі» атты тақырыппен сайыс ұйымдастырылды.
Әжелерге ежелгі дәстүрге байлынысты тапсырмалар берілді. Барлық қатысушылар тапсырманы жоғары деңгейде орындап, жүлделі орындарға қол жеткізіп, мадақтамалар және сыйлықтармен марапатталды. Бірінші орын иегері – «Қызғалдақ» тобының тәрбиеленушісінің әжесі Күләш Тілеуғабылова. Екінші орынды Амина Зейнекешова иеленсе, үшінші орын Нұржамал Рыщановаға бұйырды. Сонымен қатар үш әже номинациялармен мадақталды. Олар Қымбат Қалиева – «Қылықты әже», Ақлима Дүйсекбаева – «Шебер әже» және Сәния Мырзахметова – «Сүйкімді әже». «Гүлдер» бөбекжай-бақшасының ата-аналары мен ұжымы Наурыз мейрамын осылайша қарсы алды.
Айтулы мереке Глазунов орта мектебінде де биылғы жылы ерекше тойланды. Мектептің кіре берісінде, әр сыныптарда киіз үй тігіліп, іші ұлттық нақыштарда көзтартарлық тамаша безендірілді. Бастауыш сыныптар арасында «Наурызға арнау» атты өлең, «Бата-тілек», «Салт-дәстүрлер» сайыстары өтті. Халқымыздың ұмыт бола бастаған дәстүрлерін қайта жаңғырту мақсатында өткен сайыстарда оқушылар өз өнерлерін тамаша көрсете білді. Әр сыныптарда дастарқан жайылып, салт-дәстүрлерден көріністер көрсетіліп мереке жоғары деңгейде өтті. І орынды 4«А», 4«Б», толық күнді шағын орталық «Балапан» тобы иеленді.
Аптаға созылған бұл шараны оқушылармен бірге ата-аналар да мәз-мейрам етіп өткізді. Оқушыларға халқымыздың ұлы мерекесі Наурыз мейрамы жөнінде түсінік бере отырып, салт-дәстүрімізді бойларына дарыту арқылы шынайылыққа, адамгершілікке тәрбиелеу мақсат болды. Мейрамның ең қадірлі дәмдері мен қасиетті сөздері кеңінен насихатталды.
Ал Мичурин орта мектебінде өткен концертте мектеп директоры Ажар Ақсаутова жиналған оқушылар мен қонақтарды мерекемен құттықтады. Одан әрі «Көктем қыз» бен әжесі де қонақтарды құттықтап, гүл мен шашу шашты. Содан соң кішкентай бүлдіршіндердің орындауындағы «Қазақ биі» көрермендерге ерекше әсер етті. Қазақтың қара домбырасымен 6 сынып оқушысы Асыл Қосанова күй тартып, сыныптастары көрініс көрсетті. Мейрамда Наурыз көже үлестіріліп, ән шырқалып, би биленді. «Ариайдай» әнін Дильнара Кенжебекова шырқаса, «Айтыс» көрінісін қойған 10 сынып оқушылары халықтың ықыласына бөленді. Әдеттегідей Қыдыр ата оқушыларға, мектеп ұжымына қолын жайып ақ батасын берді. Мерекенің Замира Кишкимбаеваның «Наурыз – думан» әнімен аяқталды.
Алтын Дала ауылында да мектеп мен мәдениет қызметкерлерінің ұйымдастыруымен Наурыз мейрамы ерекше атап өтілді. Мерекелік іс-шараның беташарын Жамбыл ауылдық округінің әкімі Сағындық Сыздықов баршаны Ұлыстың Ұлы күнімен құттықтады. Одан әрі мерекені ауыл өнерпаздары орындауындағы «Наурыз думан» әні кештің сәнін аша түсті. Мейрамда Наурыз көже ішіп, бауырсақ пен палау таратылды. Сондай-ақ, Қыдыр ата келіп батасын берді. Әр сынып қазақ халқының дәстүрі бойынша дастархан жасап, келген қонақтарға дәм татқызып, қонақжайлық көрсетті. Салт-дәстүрге сай көріністер көрсетілді, шашу шашылды. Мектеп ауласында балалар алтыбақан теуіп, уақыттарын көңілді өткізді. Әртүрлі спорттық ойындар ойналып, сайыстар ұйымдастырылды. Жеңімпаздарға ақшалай сыйлық та таратылды. Наурыз мейрамының ойдағыдай өтуіне аудандық мәслихат депутаты С.Есментаев, «Брехачев» шаруа қожалығыың иесі В.Брехачев, жеке шаруашылық қожалығының басшасы Н.Темірғалиев, Алтын дала ауылдық дүкенінің меңгерушісі Ы.Есментаева қаржылай көмек көрсетті.
Айгүл КУДЕСОВА,
Алтын дала ауылдық кітапханасы меңгерушісі
Дариға БЕРСҮГІРОВА,
Глазунов ОМ қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі
Гүлнар МОЛДАЖАНОВА,
Мичурин ОМ директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары
Добавить комментарий