Ұлық мейрам, дүбірлі думан

Ұлық мейрам, дүбірлі думан

Ұлыстың ұлы күнінде «Арғымақ» ипподромында ұлттық ойындардан жарыс өтті. Дүбірлі додаға іргелес облыстардан арнайы келіп қатысқандар да бар. Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов сайысқа түскендерге сәттілік тілеп, жиналған жұртшылықты Наурыз мерекесімен құттықтады. Жүлде қоры 1,5 млн теңгені құраған дүбірлі доданың басты сыйлығы Башқұрстаннан келген қонақтарға бұйырды.

Ұлыстың ұлы күнінде ұлттық ойындарымыз да назардан тыс қалмады. Ауылдағы ағайын ат жарыстырып, қошқар көтеріп, арқан тартысты. Заречный ауылындағы «Арғымақ» ипподромында ұйымдастырылған іс-шарада халық бәйгені көріп, көңіл тойдырды. Жанкүйер болып қиқулап, шабандоздарды демеді.

Спорттық іс-шара 21 наурыз күні өтті. Мұнда жиылған жұрт қыз қуу мен аударыспақ ойынын да тамашалады. Білектілер үшін қойды мойынға салып көтеруден де жарыс ұйымдастырылды. 80 келіге дейінгі қатысушылар арасынан Виктор Цирик озды. Ол қойды 2 минутта 52 рет көтерді. Ал қойдың салмағы – 42 келі. Ауыр салмақта сынға түскендердің сыйлығын Анатолий Мулин олжалады. Анатолий қойды 71 рет иығынан асырды. Екі жеңімпаз өздері көтерген қойларын жүлде ретінде қанжығалады.

Сондай-ақ, жиналған жұртшылықтың арасында «Технодом» 70 сыйлық ойнатты. Ал сахнадан сәл алысырақта, арқан тартудан жарыс өтіп жатты. Барлығы 15 команда бақ сынады: облыс аудандары мен қалалары және мемлекеттік мекемелер. Финалға Жанкелді ауданы, Қостанай және Қарасу ауданының командалары шықты. Олар 50 мың теңге үшін сайысты. Ал турнирге гір спорты және армреслинг бойынша облыстың аға жаттықтырушысы Сергей Карпенко төрешілік етті.

– Қарасу ауданы финалға бірде-бір рет жеңілмей шықты. Ал Торғай мен Қостанай командаларында бір жеңілістен бар. Қарасу облыс бойынша ұлттық спорт түрлері бойынша чемпионы деуге болады. Қашан көрсем де, өздерінің мықты екендерін дәлелдеп жүреді, – дейді Сергей Карпенко.

Бұл жолы да солай болды. Арқан тартуда бірінші орынды қарасулықтар иеленді. Екінші орынды – қостанайлықтар (30 мың тг), ал үшінші орынға (20 мың тг) Жанкелді ауданының қатысушылары қол жеткізді.

Қыстан аман шыққан ауыл жұртының бұл тойда асыға күткені – ат жарысы. Оған облыстың барлық аудандарынан шабандоздар жиналыпты. Сонымен қатар, Ақмола облысынан және Ресеймен шекара бойындағы қалалардан да қатысушылар болды.

Әуелі, 3 шақырымдық құнан бәйгенің жеңімпаздары анықталды. Бұл сайысқа жастар белсене қатысты. Көбісі тіпті 18 жасқа да толмаған. Ал ең жас шабандоз Заречный ауылының атынан шыққан 9 жасар Ринат Ертас болды.

– Құнан бәйгеде жеңіске 11 шабандоз таласты, ал аламан бәйгеде 26 қатысушы болды, – дейді ат жарысының бас төрешісі Надежда Вельман. Жеңімпаздарға қомақты сыйлықтар тігілді. Құнан бәйгеде бірінші орынға – 150 мың теңге, ал аламан бәйгеде 300 мың теңге береміз. Басқа да сайыстардағы жүлделерді қоса есептесек, шамамен 1,5 млн теңгедей болады.
Құнан бәйгеде бірінші айналымда Әулиекөл ауданынан келген «Ботагөз» тұлпары көш бастап келгенімен, екінші айналымды бірінші болып Жітіқара ауданының үш сәйгүлігі аяқтады. Осылайша, жүлделі үш орынды Жітіқара ауданының құнандары өзара бөлісті. Бас бәйге, 150 мың теңге, Ернұр Құтеген есімді шабандоздың еншісінде кетті. Одан бар-жоғы 1 секундқа кешіккен «Көктеңіз» арғымағы 100 мыңды еншіледі. Шабандоз – Хансұлтан Жандәулет. Ал үздік үштікті «Факир» тұлпары (Нұрсұлтан Өтеген) түйіндеп, қанжығасына 50 мың байлады.

Аламан бәйге басталмас бұрын, жиналған жұртшылық тартысты өткен көкпар ойынын тамашалады. Қостанай ауданы мен облыстық ІІД-нің «Динамо» командасы бақ сынады. ІІД жеңіске жетіп, 100 мың теңге ұтып алды. Ал екінші орын иеленген, Қостанай ауданының спортшыларына 50 мың теңге бұйырды.

Мұнан соң танауын көкке шаншытып, кекілін жел тараған 26 күлік 7 шақырым аламанға түсті. Аламан бәйгеге Челябі, Башқұртстан, Астана, Рудный, Қарабалық және Арқалықтан шабандоздар қатысты. Мәреге екі айналым қалғанда шын сәйгүліктер алға суырылып шығып, қалғандарынан аралары алшақтай бастады. Сонымен, Башқұртстаннан әкелінген «Юмор» атты арғымақ бас жүлдені (300 мың тг) еншіледі. Оның иесі – Рамиль Салахов. Екінші орынды жітіқаралық Хансұлтан Жандәулет мінген «Торғын» тұлпары иеленді. Сыйақысы – 200 мың теңге. Ал мәре сызығын үшінші болып кескен Таран ауданынан қатыстырылған «Зирбина» иесі Николай Горбунов 100 мың теңгені қанағат тұтты.

Жарысқа қатысушылар да тамашалауға жиналғандар да риза болды. Бәрі де командалық ойындардан үлкен қуат алып, жақсы көңіл-күймен қайтты. Қостанай облысында спорттың негізгі түрлерінен арнайы спорт мектептері бар. Бірақ ұлттық спорт түрлерін дамытуға осы уақытқа дейін аса көңіл бөлінбей келіп еді. Биылғы Наурыз жанкүйерге де, спортшыларға да сүйінші хабар ала келді. Облыста ұлттық спорт түрлерінің спорт мектебі ашылмақ. Осы игі іске арнап бюджеттен 43 млн теңге қаржы бөлінеді. Ұрпақ тәрбиесіне үлес қосатын ұлттық спорт Қостанайда да өркен жаятын болады.

Алмас БАЙДРАХМАН

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


Поделитесь этой новостью!