Қасиетіңнен айналайын, туған жер!
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында халықтың санасына жалпыұлттық қасиетті орындар ұғымын сіңіру бағытында «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары» жобасын іске асыруға ерекше көңіл бөлді. Өйткені, «Қазақстанның қасиетті жерлерінің мәдени-географиялық белдеуі сан мың ғасыр өтсе де кез келген рухани жұтаңдықтан аман алып шығатын символдық қалқанымыз әрі ұлттық мақтанышымыздың қайнар бұлағы» деп көрсетілген мақалада.
Сарытүбек ауылы (А.Байтұрсынұлы туған жері)
Ахмет Байтұрсынұлы қазіргі Қостанай облысы, Жангелді ауданы Сарытүбек деген жерде ел арасында беделді, қайратты кісі Байтұрсын Шошақұлы шаңырағында 1873 жылы дүниеге келген. Ахмет Байтұрсынұлы – қазақтың ақыны, әдебиет зерттеуші ғалым, түркітанушы, публицист, педагог, аудармашы, қоғам қайраткері. Қазақ халқының ХХ ғасырдың басындағы ұлт-азаттық қозғалысы жетекшілерінің бірі, мемлекет қайраткері, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы ғалым, ұлттық жазудың реформаторы, ағартушы, Алашорда өкіметінің мүшесі.
Жангелдин ауданы Ақкөл ауылының жанында бұрынғы іргетасына қайта тұрғызылған. Ахмет Байтұрсынов туған, өңделмеген кірпіштен салынған үй бар. Ауылдан алыс емес жерде Байтұрсынов жанұясының қорымы орналасқан, онда әкесі Байтұрсын, екі ағасы Қали мен Машен жерленген.
Жәуке Назарғұлұлы кесенесі
Қазақ халқының өзге де тарих және мәдениет ескерткіштерінің арасында Екідің маңынан кездесетін ХІХ ғасырдың екінші тоқсанындағы ұлт-азаттық көтерілістің көшбасшысы Кенесары ханның серігі болған – Жәуке батыр мазары ерекше назарды аудартады. Жәуке жастайынан өр мінезді, намысқой, дұшпанына қатал болып өскен.
1838 жылы Жәуке батыр Ресей империясының отаршылдық саясаты мен озбырлығына қарсы Кенесары көтерілісіне қосылып, Ақмола бекінісін басып алуда ерекше көзге түскен. Жәуке батырдың басқаруындағы әскерлер бекініске алғашқылардың бірі болып кірген. Халық қамын ойлаған батыр қара қылды қақ жарған әділдігімен, ақыл-парасатымен де ел құрметіне бөленген. Белгілі тарихшы Ермұхан Бекмахановтың «Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілісі» атты зерттеуінде Жәуке батырдың есімі аталып, жазушы Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» роман-трилогиясында, ақын Нұрхан Ахметбековтің «Қарға» дастанында Жәуке батырдың көркем тұлғасы сенімді өрнектелген. Аңыз бойынша батыр 1847 жылы Амангелді ауданы, Ақшығанақ қонысында жерленген.
Қазыбай әулие Ақпанұлы жерленген жері
Кесене Аралбай ауылының аумағында орналасқан. Қитаба қыпшақ Қазыбай әулие Ақпанұлы шамамен XVII ғасырдың соңғы ширегінде өмір сүрген. Әулие жол бойында, Баянтаңат жерінде дүниеден өтеді. Сол жер «Қазыбай қорымы» атанып кетті. Қорым басына ауру жандар түнесе, дертінен айығады деген түсінік бар. Қарасан, топалаң тиген малды аластайды. Киелі орын. Қазыбайдан он бір ұрпақ тараған. Оның кейбірі бүгінде жеке-жеке ру. Қазыбай ел қамқоры, болашақты болжағыш, ақылман, әулие болған білікті жан. Қазыбай Торғай-Жыланшық өзендері бойының шұрайлы жерлерін мекен еткен.
Баймырза әулие Мергенұлының кесенесі
Жангелдин ауданындағы қасиетті орындардың бірі – Баймырза әулие Мергенұлының кесенесі. Бұл тарихи ескерткіш Қалам-Қарасу ауылдық округінің аумағында. Баймырза Мергенұлы жоңғар шапқыншылығына қарсы күресте 13 жасынан бастап ерлігімен көзге түсіп, кейін қол бастаған батыр болған. Әкесі де батыр адам. Болжаушылық және түрлі жүйке ауруына ұшыраған сырқаттарды емдеу қасиеті болуына байланысты, халық батырды көзі тірі кезінде «Баймырза әулие» деп атап кеткен. Баймырза Мергенұлы іргелес Ресейдегі Е.Пугачевтың көтерілісіне де жан-жақты қолдау көрсетіп отырған. Тарихшы Ермұхан Бекмаханов Баймырза мен Пугачевтің хат жазысып, хабарласып тұрғанын жазады. Бұл дерек Баймырза әулиенің Ресей үкіметінің отаршылдық саясатына наразы болып, қарсылық көрсеткенін дәлелдейді. Ел арасында «Баймырзаның сабасындай берекелі екен» деген сөз де сақталған. Оның байлығы асып-таспаса да, дастарханы жиналмайтын, үйінің белдеуінен ат кетпейтін қонақжай адам болған. Баймырза әулиенің басына орнатылған белгі қазіргі уақытқа дейін жақсы сақталып, халық мінәжат ететін қасиетті орынға айналған. Кеңес үкіметі кезеңінде де халық бұл қасиетті орынға келіп, құран оқытып, түнеп кетіп жүрген деседі.
Әбдіғаппар Жанбосынұлы кесенесі
Жаңақала ауылына (Арқалық қаласының әкімдігіне қарасты аумақ) жақын жерде 2010 жылы ұрпақтара салған 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысының көшбасшысы Әбдіғаппар ханның құрметіне тұрғызылған аппақ кесене көрініп тұр. Ол 1916 жылғы оқиғаларға дейін-ақ жерлестерінің құрметіне бөленген, суармалы егін шаруашылығымен айналысып, өз ауылында мектеп ашқан. 1916 жылы 21 қарашада 13 болыстың тұрғындарының өкілдері құрылтай жиналысында Әбдіғаппар Жанбосыновты хан сайлайды. Даладағы зор ықпалы мен беделін пайдаланып 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалсы кезінде А.Имановтың туының астына мыңдаған әскердің бірігуіне ықпал етті. Әбдіғаппар Жанбосынов 1918 жылы наурызда Орынбор қаласындағы Кеңестің І-ші Торғай съезіне қатысты, бірақ кейін Кеңес үкіметін қолдауды қойды. 1919 жылы қарашада Әбдіғаппар Жанбосыновты қызыл әскерлер атып тастады.
Әулие Түркібай ата бейіті
Түркібай атаның тамы Науырзым ауданында жатыр. Әулие ХІХ ғасырдың басында өмір сүрген. Емшілігімен де аты шыққан. Оралмас сапарға аттанарында Түркібай ата «менің күшім 200 жыл сақталады» депті. Әулиенің қасиетін білетін жұрт бейіт басына барып, дұға бағыштап тұрады.
Жергілікті жұртшылықтың айтуынша, Түркібай әулие басына мазар тұрғызуды сұрамапты, бір төмпешік болып қана жатуды қалаған. Алайда, артында қалған елі зиярат етер ұрпағының барын ескеріп, белгі көтерген.
Алмас БАЙДРАХМАН
Добавить комментарий