Әкімдерді халық сайлайды
Бүгін, 2-ші құркүйекте Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауын жариялады. Жолдауда айтылған өзекті мәселелердің бірі – ел басқарып жүрген әкімдерді халықтың тікелей сайлауы.
– Мен «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын ұсынғалы бес жылдан астам уақыт өтті. Осы уақыт ішінде қоғам мен билік құрылымдары арасындағы қарым-қатынас мәдениетін өзгерте алдық. Пікір білдірудің бірқатар тиімді тетігі және түрлі диалог алаңдары пайда болды. Мемлекеттік қызметшілердің азаматтармен тікелей сөйлесуі қалыпты жағдайға айналды. Бұл тұжырымдама мемлекеттік қызметшілер мінез-құлқының жаңа моделін қалыптастырды. Олар жауапкершілікпен, проактивті, ашық және тиімді жұмыс істей бастады…
Азаматтарымыздың соңғы жылдардағы тағы бір талабы – әкімдерді тікелей сайлау жүйесін енгізу. Бұл талап та орындалды.
Ауыл әкімдерін тікелей сайлау жүйесі 2021 жылы енгізілді. Содан бері 2,5 мыңға жуық әкім сайланды. Бұл – барша ауыл әкімдерінің 90 пайызға жуығы деген сөз. Қалғандары әкімнің өкілеттік мерзімі аяқталған кезде өз ретімен сайлана береді. Жаңа әкімдердің 60 пайызы бұрын мемлекеттік қызметте жұмыс істемеген. Олардың арасында әртүрлі кәсіп иелері, түрлі партия өкілдері бар. Орташа жасы – 46 жас. Бір сөзбен айтсақ, халық өзі таңдаған әкімдердің құрамы едәуір жаңғырды.
Былтыр күзде алғаш рет аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін сайлай бастадық. Барлық облыста 45 әкім жаңа тәсілмен сайланды. Біз сайлау нәтижесін және сайланған әкімдердің жұмысын жан-жақты зерделедік. Соның қорытындысы бойынша түбегейлі шешім қабылдадық. Келесі жылдан бастап жаңа жүйеге біржола көшеміз. Бұдан былай аудан және облыстық маңызы бар қалалардың әкімдері тікелей сайлау арқылы ғана қызметке келеді. Әкімдердің өкілеттік мерзімі аяқталуына қарай, яғни ротация мерзімі жеткенде сайлау біртіндеп өткізіле береді. Бұл да – саяси жүйені реформалау ісіндегі кезекті маңызды қадам. Саяси реформа – бір реттік науқан емес. Мемлекеттің дамуына қажет болса, реформалар осылай үздіксіз жалғаса береді, деді Президент.
Бүгінгі күні Қостанай ауданында 15 ауылдық округ пен Тобыл қаласының әкімдері халықтың тікелей сайлауы арқылы таңдаудан өткен. 4 жылға сайланған әкімдер өздерінің мойнына алған міндеттерін адал атқарып, елінің көркеюі үшін қажымай қызмет етуі маңызды. Өңірлік саясатты жетілдіру ісі – елімізді дамытудың, халықтың атқарушы билікке деген сенімін арттырудың, азаматтық қоғамның әлеуетін дұрыс пайдаланудың тиімді жолы. Сондықтан, әкімдерді сайлау барысында халықтың белсенділігі маңызды. Сайлауға қатысып, ауыл тұрғындары ортасынан еліне сыйлы азаматқа сенім артып, оны қолдап, ауылдың болашағы үшін біріксе, бұл тұрғындардың еліміздегі саяси ахуалға белсене араласып, мемлекеттің дамуына үлес қосуының көрінісі.
Жалпы, дамыған елдерде мұндай тәсіл бұрыннан бар. Мәселен, АҚШ-та губернаторлар, қала мэрлерінен бөлек, елді мекендердің басшыларын дауыс беру арқылы анықтайды.
Сондықтан, 2025 жылдан бастап еліміздің әкімдерді тікелей сайлау жүйесіне толық көшуі маңызды саяси қадам.
Жұмагүл Иргасымова,
Қостанай аудандық мәслихатының депутаты
Добавить комментарий