Салық төлеудің соңғы күні жақын

Салық төлеудің соңғы күні жақын

Қостанай облысында жеке тұлғалардың 2025 жылғы салық кезеңі үшін мүлік салығын төлеу мерзімі жақындап келеді. Салықты 2026 жылғы 1 қазаннан кешіктірмей төлеу қажет. Қостанай облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті азаматтарға есептелген соманы алдын ала тексеріп, салықтық жеңілдіктер мен жылжымайтын мүлік туралы мәліметтердің дұрыстығына назар аударуға шақырады.

Қостанай облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің түсіндіру жұмысы және байланыс орталығы басқармасының басшысы Зарина Бекмұхамедова бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған брифинг барысында жеке тұлғалардың мүлік салығына қатысты негізгі мәселелерді түсіндірді.

Салық төлеушілер есептелген соманы Мемлекеттік кірістер комитетінің порталы, электрондық үкіметтің eGov.kz порталы, сондай-ақ алдағы төлемдер сервисі қолжетімді екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшалары арқылы тексере алады. Бұдан бөлек, есептелген салық сомасы мен ағымдағы салық міндеттемелері туралы ақпаратты e-Salyq Azamat мобильді қосымшасынан, оның ішінде «Салық әмияны» сервисі арқылы алуға мүмкіндік бар.

2026 жылғы 15 қыркүйектегі жағдай бойынша облыста 235 мың салық төлеуші мүлік салығын төлеген. Бюджетке 263 млн теңге түскен, бұл есептелген жалпы соманың шамамен 85 пайызын құрайды. Жалпы сомасы 310 млн теңге болатын салық 505 мың салық салу объектісі бойынша 277 мың салық төлеушіге есептелген. Салық төлеушілер мен салық салу объектілерінің саны арасындағы айырмашылық бір адамның бірнеше жылжымайтын мүлік нысанына иелік етуімен түсіндіріледі.

Қалған салық міндеттемелері бойынша 42 мың салық төлеушіден шамамен 47 млн теңге түсуі күтіледі. Бұл ретте белгіленген төлем мерзімі әлі аяқталмағанын ескеру қажет. Сондықтан аталған сома мерзімі өткен берешек болып саналмайды.

Мемлекеттік кірістер органдары азаматтардың назарын заңнамада жеке тұлғалардың жекелеген санаттары үшін қарастырылған салықтық жеңілдіктерге де аударып отыр. Мұндай жеңілдіктер салық заңнамасында белгіленген мөлшерлер мен талаптар шегінде қолданылады. Егер азамат жеңілдік алуға құқылы болғанымен, ол салықты есептеу кезінде ескерілмесе, жылжымайтын мүлік объектісі орналасқан жердегі мемлекеттік кірістер басқармасына жүгініп, ақпаратты нақтылау қажет.

Салықты есептеу кезінде жылжымайтын мүлік туралы мәліметтердің өзектілігі де маңызды. Мемлекеттік кірістер органдары салықты жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу саласындағы уәкілетті органнан келіп түсетін ақпарат негізінде есептейді. Сондықтан меншік құқығы, объектінің сипаттамалары немесе басқа да тіркеу деректері өзгерген жағдайда, тиісті мәліметтерді уақтылы жаңарту қажет.

Мәселен, азамат жылжымайтын мүлік нысанын бұрын сатып жібергенімен, ол әлі де оның атына тіркеліп тұрса немесе дерекқорда объект туралы ескірген ақпарат сақталса, алдымен уәкілетті органдағы мәліметтерді салыстырып, тексеру керек. Қажетті өзгерістер енгізілгеннен кейін жаңартылған ақпарат мемлекеттік кірістер органдарына беріледі. Тиісті негіздер болған жағдайда салық міндеттемесі қайта есептеледі.

Осыған байланысты есептелген салық сомасымен келіспеген азамат бұл мәселені назардан тыс қалдырмағаны жөн. Ең алдымен жылжымайтын мүлік объектісі туралы мәліметтерді және салықты есептеуге негіз болған деректерді тексеру қажет. Азаматтардың осы мәселеге қатысты өтініштері көбінесе меншік иесі немесе жылжымайтын мүлік объектісі туралы мәліметтерді өзектендіру, сондай-ақ заңнамада көзделген жеңілдіктерді қолдануға байланысты болады.

Мемлекеттік кірістер органдары салық төлеушілерге есептелген соманы алдын ала тексеріп, төлемді соңғы күндерге қалдырмауға кеңес береді.

 

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


Поделитесь этой новостью!