Өлең мен өнеге өрілген кеш
Тобыл өңірінің мақтанышы, ардақты ақын Ақылбек Шаяхмет Жамбыл ауылы орта мектебінің оқушыларымен кездесті. «Ақын мен ақыл» деп аталған жылы жүздесу жас буынға рухани серпіліс сыйлаған тағылымды кешке айналды.
Танымал ақын, көсемсөзші, драматург, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, профессор, қоғам қайраткері Ақылбек Шаяхмет – өскелең ұрпаққа өнеге болар айтулы тұлға. Қаламгердің бай шығармашылығын насихаттау – бүгінгі руханият үшін аса маңызды. Жамбыл орта мектебінде өткен іс-шараны ақынның биылғы 75 жас мерейтойы қарсаңындағы игі бастамалардың бірі деуге болады. Кездесуге Қостанай ауданының құрметті азаматы, кәсіпкер, «Есментаев» шаруа қожалығының басшысы Сағындық Байданұлы да арнайы шақырылды.
Сұхбат тізгінін мектептің ұстазы Гүләлем Ерғалиева ұстап, ақын өлеңдерінен үзінділер оқып, мазмұнды сауалдар қойып отырды. Әңгіме әлқиссасы Ақылбек Қожаұлының балалық шағы, мектеп кезі, поэзия әлеміне қадам басуы жайлы естеліктерінен басталды. Әсіресе «1-сыныпты сырттай оқығаныңыз рас па?» деген сұраққа берген жауабы оқушылардың ерекше қызығушылығын тудырды.
– Мен ұстаздар отбасында өстім. Өзімнен үш жас үлкен ағам Асылбектің оқулықтарын үйде меңгеріп, оқу-жазуды ерте үйрендім. Сол кездің өзінде Сәбит Мұқановтың «Балуан Шолақ» романын оқып шықтым. Әкем – мектеп меңгерушісі еді, қабілетімді байқап, заңға томпақтау болса да, табельге «1-сыныпты бітірді» деп жазды. Сөйтіп, ағаммен бірге бірден 2-сыныпқа бардым. «Сырттай оқыдым» дегенімнің сыры осында, – деп еске алды ақын.
Ақындық жолдағы алғашқы ұстазы да – әкесі. Өзі де өлең жазатын. Ал Ақылбек Қожаұлы бастапқыда суретші болуды армандаған екен. Алайда сөзге, ұйқасқа бейімділігі ерте байқалып, 3-сыныптан бастап поэзияға бет бұрады. Алғашқы тырнақалды туындыларынан-ақ болашағы айқындала бастаған жас талапкер кейін өңірлік, республикалық басылымдарда көрініп, тұңғыш жыр жинағын шығарады. Ақыры Алаш жұрты мойындаған, сөзі салмақты шайыр дәрежесіне жетті.
Кездесу барысында оқушылар ақынға еркін сұрақ қойды. Бірі шығармашылық шеберханасына қызықса, енді бірі «жақсы жазушы болу үшін не істеу керек?» деген сауал жолдады.
– Жақсы жазушы болу үшін, ең алдымен, жақсы адам болу керек. Абай айтқандай, адамды адам ететін – ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек. Әл-Фарабидің «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген сөзін де ұмытпауымыз керек. Білім мен ізгілік қатар жүргенде ғана нәтиже болады. Ал қабілет еңбек пен үздіксіз ізденіс арқылы шыңдалады, – деді ақын.
Кеш барысында Ақылбек Шаяхмет отты жырларын оқып, тыңдарманның ыстық ықыласына бөленді. Ұлттық рух, ел мен жер тағдыры, қоғамдағы түйткілдер ақын жырларынан айқын аңғарылды. Кейбір сауалдарға ол өлеңмен жауап беріп, жастарды ойландыра білді.
– Қазақ қоғамында шешілмеген мәселелер аз емес. Бірақ бар үміт – осы жас ұрпақта. Егемендіктің ертеңін кемелдендіретін де – осылар. Біз – өткеннің салмағын сезінген буынбыз, ал болашақ – еркін ойлы жастардың қолында. Әлихан Бөкейхан айтқандай, туған жердің әр тасы қазақтың шапанына түйме болып қадалуы керек, – деді ол.
Сағындық Байданұлы да сөз алып, жастарды білімге, өнерге ұмтылуға, көп оқып, ұлттық құндылықтарды бойға сіңіруге шақырды.
Кездесуге оқушылар мен ұстаздар қауымы тыңғылықты дайындалған. Ақын өлеңдері мәнерлеп оқылып, күмбірлеген күй мен әуелеген ән кеш шырайын аша түсті.
Іс-шара соңында Жамбыл ауылдық округінің әкімі Жанай Қайырбайұлы, аудандық білім бөлімінің өкілі Индира Оразғалиқызы, мектеп директоры Серік Жұмабаев қонақтарға алғыс білдіріп, естелік сыйлықтар табыс етті. Қазақы дәстүрмен иықтарына шапан жауып, құрмет көрсетті.
«Қостанай Таңы»
басылымы негізінде















Добавить комментарий