Құрылыс енді сынақ алаңы емес: жаңа Кодекс не өзгертеді?
Президент 9 қаңтарда Құрылыс кодексіне қол қойды. Қоғамда кеңінен талқыланған бұл құжат – соңғы жылдардағы ең маңызды жүйелік реформалардың бірі. Заң жобасына 2 мыңнан астам, ал ілеспе заңдарға 260-тан аса түзету енгізіліп, жұмыс тобы екі жыл ішінде 80-ге жуық отырыс өткізген. Сан мәрте сүзгіден өткен Кодексте лоббистік мүддеден гөрі азаматтардың қауіпсіздігі мен құқы алдыңғы орынға шыққан.
Сарапшылардың пікірінше, жаңа Құрылыс кодексі толыққанды іске асса, ол халықтың өмір сүру сапасына тікелей әсер ететін маңызды құқықтық негізге айналмақ.
Құрылыс – экономиканың ең қарқынды дамып келе жатқан салаларының бірі. Алайда оның тиімділігі тек қаржы мен техникаға емес, заңнамалық реттеудің сапасына да байланысты. Бүгінде елімізде сәулет-құрылыс саласын реттейтін 2,5 мыңнан астам нормативтік құжат бар. Бірақ олардың арасында бірізділік жоқ, нормалар шашыраңқы, әлсіз тұстары жетерлік.
Сапасыз құрылыстың көбеюі, заңсыз нысандардың салынуы, нарыққа жауапсыз компаниялардың енуі – осы олқылықтардың айқын көрінісі. Осыны ескере отырып, Мемлекет басшысы 2022 жылы Үкіметке мүлде жаңа Құрылыс кодексін әзірлеуді тапсырған болатын. Президент бұл саланың қағазбастылыққа көмілгенін, ескі стандарттар мен жемқорлық тәуекелдерінің әлі де сақталып отырғанын атап өткен еді.
Сапасыз және заңсыз құрылысқа тосқауыл
Қоғам белсенділерінің басты талабы – қарапайым тұрғындарды қорғау. Өйткені жылдар бойы құрылыс саласында жүйелі проблемалар қордаланып келген. Соның ең өзектісі – құрылыс сапасының төмендеуі.
Сарапшылар мұның басты себебі ретінде кепілдік мерзімінің 10 жылдан 2 жылға дейін қысқаруын атайды.
Бұл шешім құрылыс салушылардың ұзақмерзімді жауапкершілігін әлсіретіп, сапаға деген талапты төмендеткен. Сонымен қатар мемлекеттік бақылаудың күрт қысқаруы да жағдайды ушықтырды. Бұрын міндетті мемлекеттік сараптамадан өтетін жобалар үлесі 14 пайызға дейін азайған.
«Құрылыс – тәжірибе жасайтын алаң емес. Әрбір қателіктің артында адам тағдыры тұр. Сондықтан сапа мен жауапкершілікті қайтаратын заң қажет болды», дейді депутаттар.
Жаңа кезеңнің бастауы
Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбектің әлеуметтік желілердегі пікіріне сүйенсек, Құрылыс кодексінің қабылдануы салада жаңа кезеңнің басталғанын білдіреді. Кодекстегі басты жаңашылдықтардың бірі – кепілдік мерзімінің ұзаруы. Енді тұрғын үйдің тірек конструкциялары, іргетасы, шатыры мен қасбетіне 10 жыл, ал нысанның өзіне кемінде 5 жыл кепілдік беріледі.
Тағы бір маңызды шешім – сейсмикалық қауіпті аймақтарда құрылыс салуға тыйым салынуы. Тау бөктерлерінде, сел мен көшкін қаупі бар аумақтарда көпқабатты тұрғын үйлердің салынуына заң жүзінде шектеу қойылды. Бұл талап Алматы ғана емес, Жамбыл, Түркістан, Жетісу облыстарына, сондай-ақ Шымкент қалаларына да қатысты.
Алғаш рет заңнамаға «тектоникалық бұзылыс» ұғымы енгізіліп, қауіпті аумақтар арнайы карталарға түсіріледі. Бұл карталар енді формалды емес, нақты шешім қабылдаудың негізгі құралына айналады.
Алаяқ құрылыс компанияларынан қорғау
Кодексте азаматтарды жауапсыз құрылыс компанияларынан қорғауға ерекше мән берілген. Егер компанияның заңбұзушылығы сот шешімімен дәлелденсе, ол үш жыл бойы құрылыс жүргізу және халықтың қаражатын тарту құқынан айырылады. Сонымен қатар құрылыс компанияларының арнайы реестрі енгізіледі.
Саябақтар мен рекреациялық аймақтарды тұрғын үй құрылысына айналдыруға да заңмен тыйым салынды. Бұдан былай жасыл аймақтар жеке мүддеге құрбан болмайды.
Қоғамдық бақылау және цифрландыру
Қала құрылысы шешімдері міндетті түрде қоғамдық тыңдаулар арқылы қабылданады. Бас жоспарлар мен егжей-тегжей жоспарлау құжаттарын құрылыс салушылар өз қалауынша өзгерте алмайды. Бұл құжаттар енді 5 жылға бекітіліп, тек дәлелді себептермен ғана қайта қаралады.
Сондай-ақ құрылыс үдерісінің барлық кезеңін қамтитын Бірыңғай құрылыс порталы іске қосылады. Мамандарды міндетті сертификаттау, цифрлық реестр арқылы бақылау, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолжетімді орта талаптарының күшеюі де Кодексте қамтылған.
Жаңа Құрылыс кодексі 1 шілдеден бастап күшіне енеді. Сарапшылар оның тиімділігі тек заң мәтініне емес, оны орындаудағы мемлекеттік бақылау мен қоғам белсенділігіне байланысты екенін айтады. Дегенмен бұл құжаттың басты бағыты айқын: құрылыс саласында пайдадан бұрын – адам, бизнес мүддесінен бұрын – халық қауіпсіздігі.
Жұмагүл ИРГАСЫМОВА,
фото ашық дереккөздерден алынған













Добавить комментарий