Жолдауда белгіленген мақсат-міндеттер қаралды

Жолдауда белгіленген мақсат-міндеттер қаралды

Бүгін Мемлекет басшысының «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты жолдауындағы міндеттемелерді талқылау жиыны өтті.

Цифрлық трансформация – кез келген ел үшін сапалы серпіліс жасауға және жаһандық экономикаға берік орнығуға орасан зор мүмкіндік. Өйткені жасанды зерде қай саланың да қозғаушы күшіне айнала бастады. Демек, елдігіміздің ендігі мұраты – үр жаңа үрдістен кенже қалмау. Биылғы Жолдауға осы тақырыптың арқау етілуінде терең мән бар.

«Президент өз Жолдауында: «Біздің стратегиялық бағытымыздың негізгі бөлігі жасанды интеллектті кеңінен енгізу мен толық цифрландыру болуға тиіс», – деді. Қарқынды өзгеріп жатқан әлемдік экономика, цифрлық серпілістер мен жаһандық бәсекелестік жағдайында өсім мен тұрақтылықтың жаңа көздерін іздеу қажет. Мұндай тұрақтылықты қамтамасыз ете алатын басты бағыттардың бірі – кешенді цифрландыру мен экономиканы әртараптандыру. Бұл – жай ғана сәнді үрдіс емес, стратегиялық шешім. Осы процестердің арқасында уақыт талабына бейімделе алатын, тиімді әрі бәсекеге қабілетті жаңа, икемді және жоғары технологиялық экономика қалыптасады. Бүгінде бүкіл әлемде жасанды интеллект экономикалық өсудің қозғаушы күшіне айналуда. Бұл біздің өңір үшін де жаңа мүмкіндіктерге жол ашады», – деді облыс әкімі.

Тобыл өңірінде экономиканың барлық саласына жаппай жасанды интелектіні енгізу процесі ерек екпінмен басталды деуге болады. Оған таяуда өткен инвестициялық форум барысында, технологиялық көрме кезінде көз жетті. Мысалы, дәстүрлі ауыл шаруашылығын интеллектуалды АӨК-ке алмастыруға жемісті қадамдар жасалып жатыр. Егін шаруашылығына озық технологиялар енгізілу үстінде. Мұның бүгінде білім, медицина, мемлекеттік қызмет, шағын және орта бизнес сияқты күллі салаға қатысы бар.

«Біз тамыз айында «Өңірді дамытудағы АІ рөлі» тақырыбында кең ауқымды форум өткіздік. Күні кешегі Үкімет отырысында бұл да атап өтілді. Біз алдымызға өр мақсат қойып отырмыз – облысты цифрландыру және инновация саласындағы көшбасшы өңірлердің біріне айналдыру. Осы жолдағы күш-жігеріміз экономиканың басым салаларын тұрақты дамытуға, инвестициялық тартымдылықты арттыруға бағытталатын болады. Қазақстанды бәсекеге қабілетті ел ретінде дамытқымыз келсе, жұмысымызды жаңа тәсілмен жүргізуіміз керек», – деді өңір басшысы.

Оның айтуынша, көптеген адам ЖИ мүмкіндіктерін әлі де толық түсіне бермейді. Сондықтан қолжетімді оқу материалдарын әзірлеп, шеберлік сабақтары мен ашық дәрістер ұйымдастыру қажет. Ал жалпы, өңір қазірдің өзінде жасанды интеллектінің игілігін тұтына бастады. Оның бірнешеуін облыс әкімі тілге тиек ете өтті. Облыста ишемиялық және геморрагиялық инсультке ЖИ көмегімен автоматтандырылған ерте мерзімді диагноз қою жобасы іске асырылды. Сүт безі обырына 98 пайыз дәлдікпен диагноздау жобасын енгізу пысықталып жатыр. Ендігәрі күн райы, қауіп-қатер, залал-ауру жөнінде алдын ала ақпарат беретін «мобильді агроном» немесе «мобильді зертхана» қосымшалары әр фермердің қолын ұзарта түспек. Жасанды интеллект инфрақұрылымды, әсіресе, жылу жүйелерін алдын ала диагностикалауда да тиімділігін дәлелдеп отыр. Уақыт пен ақшаны үнемдеп, жұмысты жеңілдетіп, тиімділікті арттыратын мұндай жемісті қолданбалар сан салада жетіп-артылады…

kostanaytany.kz

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


Поделитесь этой новостью!