Еңбегімен Ер атанды

Еңбегімен Ер атанды

Бүгін елімізде Еңбек күнін атап өтуде, құтты болсын! Қарап отырсаң, әр адам өзінің еңбек жолын жүріп өтеді, қиындығын көреді, мойымай  өз ісінің шебері болып шығады. Таңдаған мамандығы бойынша тек бір мекемеде еңбек жолын өткізген азаматтарды да кездестіріп жатамыз.

«Еңбек түбі береке» демекші, балаларды жастайынан еңбекке баулу, таңдаған мамандығының кәсіби шебері болуға үйрету өте маңызды. Ал бұл отбасылық тәрбие. Біз отбасында алты бала болдық. Кішкентайымыздан әркім өзіне тиесілі үй шаруасын орындайтын.

Әкем жұмыстан келгенше анашым үйдегі барлық шаруаны дөңгелендіріп отыратын, біздің әрқайсымызға нақты-нақты шаруа беріп, үйрететін. Ал әкем Ерғасымов Мұрат Әбдікарімұлы кәмелетке толар – толмастан қызу еңбек қайнаған науқанға араласып, трактор тізгінін ұстаған. Содан бері еңбектен қол үзбей, ауыл шаруашылық саласында қызмет етті. Әкемнің еңбекке деген құлшынысы, алалдығы бағаланып, 1966 жылы 21 жасында «Құрмет белгісіне»» ұсынылды. 1970 жылы «Үздік еңбегі үшін» медалімен марапатталса, 1972 жылы «Еңбек Қызыл Ту» орденін алды. 1980 жылы үшінші дәрежелі «Еңбек Даңқы» төсбелгісі берілді.

Әкешімнің осындай еңбек жолы балалары мен немерелері үшін тек мақтаныш емес, үлгі-өнеге. Әкеміз бізді адал жасаған еңбектің бәрі құрметті, ешқашан қиындықтан қашпаңдар деп, өмірдің қиындығына мойымауға үйретті. Сексен жасқа таяп қалған әкешім бүгін де бау-бақшасын салып, еңбекпен күнелтіп жатқан асыл жан. Еңбегімен Ер атанған асыл жанға атақ-даңқты халқы берді, құрметке бөленді. Сондықтан бұл нағыз еңбек адамының үлгісі!

Бүгінгі күні  технологиялардың дамыған заманында ауыл шаруашылығы саласында мамандар тапшылығы байқалады. Жастардың көбі басқа салаларды таңдап, ауылға оралуға асықпайды. Ал ауылдың болашағы мен бүгіні елім деген осындай еңбек адамдарына тығыз байланысты. Сондықтан еңбек адамы бағаланып, құрметке ие болуы тиіс.

Жұмагүл Иргасымова

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


Поделитесь этой новостью!