Қазақстан мен Әзербайжан президенттері БАҚ үшін брифинг өткізді

Қазақстан мен Әзербайжан президенттері БАҚ үшін брифинг өткізді

Шағын және кеңейтілген құрамда өткен екіжақты келіссөздер қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиев бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін бірлескен мәлімдеме жасады.

Мемлекет басшысы өз сөзінде шақыруын қабыл алып, Астанаға ресми сапармен келгені үшін Әзербайжан Президентіне ризашылығын білдірді.

– Бүгінгі сапардың маңызы ерекше. Екі ел арасындағы байланыстар өзара сенімге және қолдауға негізделген. Яғни, екіжақты ықпалдастықты одан әрі нығайтуға мол мүмкіндік бар. Біз бүгін шағын және кеңейтілген құрамда мазмұнды келіссөздер өткіздік. Сауда-экономика, көлік-транзит, энергетика салаларындағы қарым-қатынасты дамыту мәселесін талқыладық. Сондай-ақ, мәдени-гуманитарлық байланысты тереңдетуге қатысты бірқатар уағдаластыққа қол жеткіздік. Осы сапардың нәтижелері Қазақстан мен Әзербайжанның қарым-қатынасын жаңа деңгейге көтереді деп сенемін, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев толық форматта өткен келіссөздердің нәтижесін жоғары бағалады. Бұл шаралар екі ел басшыларының екіжақты байланыстарды жан-жақты нығайтуға өзара ниетті екенін тағы да растады. Президенттер ынтымақтастықтың барлық бағыты бойынша пікір алмасып, өңірлік және халықаралық мәселелер жөніндегі ойларын ортаға салды. Сондай-ақ екі елдің өзара қарым-қатынасын одан әрі тереңдетудің перспективалары мен бағыттарын талқылады.

– Ортақ күш-жігеріміздің арқасында Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы қарым-қатынас соңғы жылдары бұрынғыдан да ашық әрі жан-жақты сипатқа ие болды. Саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық жанданды. Алты айдан астам уақыт бұрын біз Стратегиялық серіктестікті тереңдету және одақтастық қатынастарды кеңейту жөніндегі декларацияға, Ынтымақтастықты дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған кешенді бағдарламасына, сондай-ақ басқа да бірқатар құжатқа қол қойдық. Қазір бұл келісімдердің барлығы дәйекті түрде жүзеге асырылып жатыр. Жоғары Мемлекетаралық кеңес құру маңызды шешім болды. Аталған құжат екіжақты қатынастарды кешенді түрде нығайтуға бағытталған, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекеттер басшылары өткен жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы жарты миллиардтық межеге жақындағанын ерекше атап өтті. Әйтсе де сауда-экономикалық серіктестіктің әлеуеті әлі де мол. Тараптар экспорттық-импорттық тауарлар номенклатурасын одан әрі кеңейту үшін пәрменді шаралар қабылдауға уағдаласты.

– Елдеріміздің мүдделі құрылымдарының (Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия, сауда-экономикалық миссиялар, Іскерлік кеңес, сауда үйлері) үйлесімді қызметі экономикалық ынтымақтастықты мүлде жаңа деңгейге көтереді. Бұл ретте Транскаспий халықаралық көлік бағытының (орта дәліздің) әлеуетін толық пайдаланудың маңызы зор. Бұл жерде логистикалық қызметтерді жетілдіру, бірыңғай көлік операторларын құру, техникалық және тарифтік шарттарды жаңғырту, әкімшілік кедергілерді жою және тұйық логистикалық циклды қалыптастыру туралы сөз болып отыр. Орта дәлізді дамытудың 2022-2027 жылдарға арналған Жол картасын тиімді жүзеге асырудың да маңызы зор. Біз бұл бағытқа қызығушылықтың артқанын толыққанды пайдалана отырып, оның инфрақұрылымын дамытуға үшінші елдерді тарту маңызды деп ұйғардық. Бұл шаралардың барлығы, сондай-ақ халықаралық серіктестерімізбен арадағы тығыз ынтымақтастық «Шығыс-Батыс» бағыты бойынша жүк жеткізудің тұрақтылығы мен жеделдігіне кепілдік беруге ықпал етеді, – деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, келіссөздер барысында энергетика саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға баса мән берілді. Әлемдік нарықтарға энергия ресурстарын жеткізу ісін одан әрі әртараптандыру – маңызды міндет.

– Қол жеткізген уағдаластықтарымыздың нәтижесінде биыл Әзербайжан арқылы Қазақстан мұнайының бірінші партиясы жөнелтілді. Келесі қадам –жеткізілетін мұнай көлемін ұлғайту және оны ұзақмерзімді әрі тұрақты жеткізу бағытына айналдыру. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, аталған маңызды бастамаларды жеке қолдағаны үшін Әзербайжан Президенті құрметті Ильхам Гейдар оғлу Әлиевке алғыс айтқым келеді. Біз экономикамыздың жаңа «өсім деңгейі» бола алатын серпінді инвестициялық жобаларды іске асыруға арнайы тоқталдық, – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, өнеркәсіп, тоқыма, агроөнеркәсіп және құрылыс салаларында бірлескен ірі кәсіпорындар ашуға болады. Мемлекеттер басшылары екі елдің үкіметтеріне бірлесіп іске қосу үшін ірі жобаларды анықтауды тапсырды.

– Ауыл шаруашылығы саласындағы өзара тиімді ынтымақтастықтың әлеуеті зор. Өткен жылы ауыл шаруашылығы кешені өнімдері бойынша екіжақты сауда-саттық үш есе артып, 146 миллион долларға жетті. Осылайша, қазір жалпы тауар айналымының үштен бір бөлігінен астамы ауыл шаруашылығына тиесілі. Біз ауыл шаруашылығы өнімдерін өзара жеткізу ісін одан әрі арттыру маңызды екенін атап өттік, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, ақпараттық технология саласындағы ынтымақтастықты нығайтудың келешегі зор. Қазіргі уақытта Каспий теңізінің табаны арқылы талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Бұл жобаның стратегиялық маңызын ескере отырып, оны уақтылы іске қосу тапсырылды. Сонымен қатар әзербайжандық серіктестерге мемлекеттік қызметтерді цифрландыру саласындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру, сондай-ақ IT-стартаптар үшін Қазақстан платформаларын пайдалану ұсынылады.

Бұдан бөлек, президенттер мәдени-гуманитарлық саладағы байланыстың мазмұнын байыту үшін жан-жақты ықпал етуге ниетті. Әзербайжанда Қазақстанның мәдениет күндерін өткізу осы жылдың айтулы оқиғасы болмақ. Елімізде Әзербайжанның мәдениет күндерін ұйымдастыру туралы уағдаластық бар. Қазақстанда өткізілетін бірқатар іс-шара Әзербайжанның жалпыұлттық көшбасшысы Гейдар Әлиевтің 100 жылдығына арналады.

Тараптар жастар саясаты, білім беру, медиасфера және контент алмасу салаларындағы ынтымақтастықты дамыту үшін қабылданып жатқан шараларды құптады. Әзербайжанның кабельдік операторлар желілерінде қазақстандық телеарналардың хабарын таратудың, сондай-ақ анимациялық фильмдер дистрибуциясы туралы уағдаластықтарды жүзеге асырудың маңыздылығы атап өтілді.

Сонымен қатар тараптардың халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасқаны туралы айтылды.

– Қазақстан мен Әзербайжан түрлі көпжақты құрылымдар аясында өзара табысты ынтымақтастық орнатқан. Көптеген өзекті халықаралық және өңірлік мәселе бойынша екі елдің ұстанымдары ортақ. Осы ретте Қазақстан Әзербайжан мен Армения арасындағы келіспеушіліктерді дәстүрлі түрде дипломатиялық жолмен реттеуді жақтайтынын, сондай-ақ тараптардың бейбітшілік шартын тезірек жасау жөніндегі күш-жігерін құптайтынын атап өткім келеді. Жалпы, өңірде тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайту үшін өзара қолдауды жалғастыру және бірлескен шаралар қабылдау қажеттігі туралы пікірлеріміз ортақ, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өз кезегінде Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев құрмет көрсеткені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа ризашылығын білдіріп, Қазақстанға жасаған ресми сапарының қорытындысына көңілі толатынын жеткізді.

– Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, мен Қазақстанда өз үйімде жүргендей сезінемін және жиі келемін. Қазақстан Президентін қоғамның барлық саласын қамтитын реформаларды сәтті жүзеге асыруымен құттықтағым келеді. Сондай-ақ бауырлас елді дамыту ісінде табыс тілеймін. Біздің өңірде бейбітшіліктің сақталуын көздейтін Қазақстанның ұстанымы зор құрметке лайық. Қазақстанның халықаралық аренадағы беделін, аса маңызды жаһандық мәселелер жөніндегі салмақты ұстанымын ерекше атап өткім келеді. Қазақстан әлемдік қоғамдастықта үлкен құрметке ие. Мен өз тарапымнан Әзербайжанда Сізді құрметтейтін, бағалайтын бауырларыңыз тұрады деп тағы да айтқым келеді. Біз Қазақстанның көрсеткен және көрсетіп келе жатқан тілеулестігі үшін ризашылығымызды білдіреміз. Бауырлас Қазақстан халқына деген туыстық сезімді арттыра беру үшін бәрін жасаймыз, – деді Ильхам Әлиев.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


Поделитесь этой новостью!