Наурыз – сананы жаңғыртатын мейрам

Наурыз – сананы жаңғыртатын мейрам

Енді бірнеше күннен кейін халқымыз Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамын мерекелеуді бастайды. Көктем мерекесі саналатын 22 наурыз бұрын қалай тойланып еді? Қазір қалай тойланып жүр?

Уақыт өткен сайын ата-бабамыздан мирас болып келе жатқан салт-дәстүрлеріміздің көбі ұмытылды. Әсіресе, Наурыз десе жұрт тек қана ішіп-жеу мен ас мәзірін ғана тілге тиек етеді. Жастарымыз біле бермейтін Наурыздың ерекшеліктері жетерлік. Ата-бабаларымыздан мұра боп қалған салт-дәстүрлер әрдайым игі мақсаттар үшін қолданыста болған. Сол себепті оларды біле жүру, кей-кейде өмірде іске асыру да артық етпес.

Қазақтың кез келген салт-дәстүрінің астарында терең мағына бар. Оны ғылым дәлелдеп отырғаны шындық. Рух мәдениеті күнделікті қазақ тұрмысында дайын тұр. Ендеше өзімізде бар дәулетті жаттан алуға неге құмартуға тиіспіз?

Осының бәрін жүзеге асыру бағытында Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» мақаласында «Біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек» деп жазды.

Наурыз мерекесінің пайда болуы жайлы әркім әртүрлі дерек айтады. Біреулер Сүлейменнің жүзігі табылған күн десе, Иран аңыздарында адамзаттың отты пайдалана білген сәтін Наурыз деп атаған деседі. Адамзат емес, бір ғана түркі тайпаларында бұл күн жайлы аңыз да, ертегі де көп. Түркі халықтарында жаңа жыл көктем мерекесімен бірге басталады. Яғни, 22 наурыз көктемнің алғашқы күні деп хатқа түсірілген.

Наурыз мерекесiнiң халықаралық мейрам ретiнде аталып өтiлуi мәдениетаралық өзара түсiнiстiк пен диалогтың, төзiмдiлiк, тату көршiлiк пен ынтымақтастықтың мүдделерiне сай келедi. Әлем оны түсiнген iспеттi. Мәселен, Шығыстың жетi жұлдызының бiрi, әлемге аты мәшһүр Омар Һайамның «Наурызнама» атты танымдық-тағылымдық еңбегiн қазақшаға аударып, сауапты iс жасаған белгілі ақын Исраил Сапарбай қазақ оқырманын бірнеше тың дерекпен қанықтырды.

– Қазiр бұл мереке – дiни ұғымнан алшақ, идеологиялық тар өрiстi шеңберден мөлдiр, жарқын мереке санатында аталып өтiлуде. «Салнама» – жыл хақындағы кiтап деген ұғымды бiлдiредi. Естерiңiзде болар, «Наурызнамада» Наурыз аптаның қай күнi келсе, сол жылы қандай оқиғалар болатыны алдын ала болжаммен айтылатын. Ал «Салнамада» Наурыз қай мүшел жылы кiрсе, сол жылы қандай оқиғалар болатыны баян етiледi. Бiздiң сөз етiп отырғанымыз – «Үндiстан әкiмдерiнiң әйгiлi салнамасы» деп аталады. Айта кететiн бiр жай, түрiк ғалымы Ибраһим һаққийдың да өлеңмен жазылған салнамасы тарихи мұраның бiр көзi, – дейді Исраил Сапарбай.

Ақынның айтуынша, Рисаланың кiрiспесiнде атап көрсетiлгендей, ертедегi Ажам (парсы мемлекеттерi) мен Үндi данышпандары әр жылы қандай-қандай оқиғалардың болатынын алдын ала көзден өткiзiп, аспан денелерiнiң (планета) өзара орналасуы мен бiр-бiрiне тигiзетiн әсерi хақында зерттеулер жүргiзiп, жұлдызнамалық еңбектер жазып қалдырған. Бiр-бiрiнен айыру үшiн әр жылға ат қойып, айдар таққан. Олар мыналар: Тышқан, Сиыр, Барыс, Қоян, Балық, Жылан, Жылқы, Қой, Маймыл, Тауық, Ит, Доңыз жылдары.

Мәселен, егер Наурыз Ит жылы кiрсе, киiм-бұйым, әрқалай заттар қымбаттайды. Қыс аяғы ұзарып, аяз күшейедi. Бағзы жерлерде жұқпалы аурулар тарайды. Патшалар арасында ұрыс-керiс, жанжалдар көбейiп, залымдар мен қарақшы-қанiшерлер емiн-еркiн қимылдайды. Жылдың басында туғандар жымысқы, құлықсыз, өсекшiл келедi. Ашкөздiк пен арам ниет те осылардың еншiсiнде. Жылдың ортасында туғандар әрi зерек, әрi дана, жаужүректiгiмен аты шығады. Ал жыл ақырында дүниеге келгендер қанағатшыл, батыл әрi жомарт болады.

Түркі халықтарының өткен ғасырлардағы тарихшы ғалымдарының еңбектерінде Наурыз мерекесінің қалай тойланғаны жөнінде деректер бар. Махмұт Қашқаридың «Диуани Лұғат ат Түрік» атты әйгілі еңбегінде және Әбу Райхан Бейрунидің «Өткендегі бабалардан қалған мұралар» деген кітабында Наурыз тойы жөнінде айтылған. Орта Азияны аралаған ерте дәуірдің саяхатшы ғалымдарының еңбектерінде де түркі халықтарының Наурызды қалай тойлағаны жайында мәліметтерді кездестіруге болады. Мәселен, 922 жылы Орта Азияда болып қайтқан белгілі араб саяхатшысы ибн Фадлан көрген-білгендерін хатқа түсірген. Ол саяхатнамасында Орта Азия халықтарының Наурыз мейрамын тойлағанын келтіреді.
– Жалпы, көне дәуірде бұл күндері әр жерге үлкен от жағып, отқа май құйған; жаңа жеті дәнге қарап болашақты болжаған; жеті ақ кесемен дәстүрлі ұлттық көже «сумалақ» ұсынған; ескі киімдерін тастаған; ескірген шыны аяқты сындырған; 22 наурызға бір күн қалғанда, күл-қоқыстардан құтылған; бір-біріне гүл сыйлаған, үйге күн символын салу дәстүрі де болған. Бір сөзбен айтқанда, жамандық кетіп, мен де жаңарсам деген тілек. Халық бұл күнде жетім-жесір, жоқ-жітіктерге қол ұшын беріп көмектеседі. Олардың ұлы күнге сай шат-шадымен, көңілді жүруін қамтамасыз етуге тырысады, – дейді философия ғылымдарының докторы, профессор Алтай Тайжанов.

Ал қазақ ұлысы болып қалыптасқылы Наурыз тойы ешбір Қазақ хандығында елеусіз қалған емес. Қайта қазақ ұлтының ең ұлы мерекесінің бірі болып тойланып келді. Және бұл туралы көптеген деректерді келтіруге болады. Жалпы, «Самарқанның көк тасы еріген күн» қазақ даласы үшін құт-берекенің басы.

Наурыз – қазақтың, сондай-ақ Азия халықтарының көпшілігінде тойланатын, бес мың жылдан астам уақыт аталып өтіп келе жатқан, жылдың ең басты мерекесі. Наурыз – көктем мерекесі, табиғаттың жаңаруы, жаңа жылдың, жаңа өмірдің басталуы. Наурызды мерекелеудің тамыры терең, бұл – табиғатқа табынатын мереке. 22 наурызда көктемгі күн мен түннің теңесуі тойланады. Бұл күні аспан шырақтары: шоқжұлдыз бен жұлдыздар жыл бойы айналып өзінің алғашқы нүктесіне қайта келіп тоқтайды да, қайтадан жаңа жол айналымын бастайды. Наурызды қазақта «Ұлыстың ұлы күні» деп атайды. Наурыз мерекесінің атауы көне иранның ноу (жаңа) және роуз (күн) деген екі сөзден құралған.

Сонымен қатар, наурыз бұл табиғаттың ұйқысынан оянып, жаңарып, қайта жанданатын шағы. Бұл символдық мәні зор мереке, көптеген салт-дәстүр Наурызбен байланыстырылады.

Наурыз деп қазақта тек мереке ғана емес, сол айдың атауы да аталады. Осы айда туылған балаларға қойылатын есімді де осы Наурызбен байланыстырып, ұл болса – Наурызбек немесе Наурызбай, ал қыз болса – Наурыз немесе Наурызгүл, т.б. деп қояды.

Қазақтарда мифтік көзқарас бойынша Наурыз мерекесін тойлау қарсаңында жер бетін бақыт аралап жүреді деп есептеледі. Сол себепті мереке қарсаңындағы түн «бақыт түні» деп аталады. Демек, Наурызда жер бетіне жақсылықтың, шуақтың нұры төгіліп, сол нұрмен гүлдер гүлдеп, құстар ән салады, дала жасыл желекке айналып, бұлақтар сылдыр қағып аға бастайды, осылайша Жер бетіне Жаңа жыл келеді. Наурыз – бұл жер бетіне жақсылық қонатын күн.

Сондықтан, қазақтар Жаңа жылды қарсы алуға өте зор жауапкершілікпен қарап, алдын ала дайындала бастайды. Шаруашылықты ретке келтіріп, арықтарды тазартып, үйлерін, ауласын тазартады, сәнді киім киіп, дастархан жаяды, егіннің, молшылықтың, жауынның, ағарғанның белгісі ретінде барлық ыдыстарын сүтке, бұлақтың суына, айран мен дәнге толтырып қоятын болған. Ырымға сай, жаңа жылды қалай қарсы алсаң, жылды солай шығарып саласың деп сенген. Қариялар айтқандай, Наурыз босағадан енгенде, үйдегі барлық ауру мен жамандық сыртқа шығады дескен. Наурыз мерекесін тойлау кезінде адамдар жақсы ниетпен бір-бірімен төс қағыстырып көріскен, бір-біріне ыстық ықыластарын білдіріп, қайғы мен жамандықтың бәрі артта қалсын деп тілек айтқан.

Сонымен, Наурыз мейрамының басқа мерекелерден оқ бойы озық тұрған дара дәстүрі мен талабы – адамдар сол күндері әдеттегі ұсақ пендешіліктен арылып, шынайы адами биіктен бой көрсетуі шарт. Бір-біріне өкпелескен, ренжіскен адамдар, мүмкіндігінше өз кінәсін мойындап, бір дастарханнан дәм татысып, шын жүректен өзара игі тілек алмасуы қажет. Бүгінгі жаһандану дәуірінде мұндай рухани парасат деңгейінде түсінісу жеке адамдарды былай қойғанда, ұлт пен ұлыстың, тіпті, мемлекет пен мемлекеттің ортақ тіл табысуы үшін де аса керекті мәселе. Бұған қоса, тағдыр қыспағына тап болған жетімдерге, мүгедектерге, өзге де хәлі мүшкіл жандарға қол ұшын беру, олардың үйленуіне, жеке отау тігуіне жағдай жасау да Наурыздың рухани міндеттеріне жатады.

Бүгінде сананың жаңғыруы, ұлттық код турасында айтып жүрміз. Оның бір ұшын осы Ұлыстың ұлы күнінен тарқатуға болады. Өйткені, дәл осы мерекені тойлағанда ұлттың бар болмысы, тұрмыс-тіршілігі көрінеді. Табиғаттың ғана емес, адамдардың да жаңғыруға, жаңаруға талпынғанын байқайсыз.

Наурыз – Жер бетіндегі барлық адамдардың басын біріктіретін, табиғаттың, үйлесімнің, жақсылықтың және нұрлы шуақтың мерекесі!

Алмас БАЙДРАХМАН

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


Поделитесь этой новостью!