Жаңа бағдарлама: ет өндірісіне екпін

Жаңа бағдарлама: ет өндірісіне екпін

Бос жатқан жайылымдарды тиімді пайдалану, ауылдағы халықты мал шаруашылығымен белсене айналысуға тарту үлкен мәселе болып тұр. Себебі, қазір қорасында мал ұстайтындар да азайып барады. Көп жағдайда көрсеткіштер шаруа қожалықтары есебінен ғана жоғары. Сол себепті Ауыл шаруашылығы министрлігі тағы бір жаңа бағдарлама жасап шығарды.

2018-2027 жылдарға арналған бағдарламада негізгі басымдық ірі қара мен қой шаруашылықтарына берілген. Он жылға есептелген жоба АҚШ, Канада, Уругвай және Австралия елдерінің тәжірибелеріне сүйеніп жасалған. Мамандар оны ойластырғанда Қазақстанның климатындағы немесе басқа да ерекшеліктері ескерілгенін мысалға келтіреді. Мәселен, жайылым көлемі жөнінен еліміз әлемде бесінші орын алады. Яғни, мал шаруашылығына қолайлы 180 млн гектар жеріміз бар.
«Басты артықшылығымыз – жайылым алқаптарының көптігі, суармалы жерлердің молдығы және мал шаруашылығымен айналысу ата-баба қанымен дарыған кәсіп екендігі. Мал басын екі есе арттырсақ та, жайылым көлемі жеткілікті. 110 млн гектар жайылым жер асты және жер үсті су көздерімен қамтылған. Мәселен, соңғы бес жылда 6 млн гектар жайылымға су жеткізілді. Тағы 2 млн жерді суландыруға мүмкіндік бар. Сондай-ақ, халықтың 50% ауылда өмір сүреді. Демек, ауыл тұрғындарының дені аталған бағдарламаға қатыса алады деген сөз», – деді ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Арман Евниев Қостанайға келген сапарында.
Оның айтуынша, бағдарлама жаңа мал өсіруші-фермерлер класын құруға жол ашады. Атап айтқанда, фермерлік шаруашылықтардың санын 20 мыңнан 100 мыңға дейін арттыруға мүмкіндік бар. Соның есебінен ауылдағы жұмыс орындарының санын 100 мыңнан 500 мыңға дейін ұлғайтуға болады.
«Бағдарлама аясында сиыр және қой еті өндірісін 600 мың тоннадан 1,6 млн тоннаға дейін арттыра аламыз. Экспорттан түсетін пайда көлемін 2,4 млрд АҚШ долларына дейін ұлғайтуға жол ашылады. Бір жұмысшының еңбек өнімділігін 1 мың АҚШ долларынан 8 мың АҚШ долларына дейін өсіруге болады», – дейді вице-министр.
Жаңа бағдарлама аясында мал тұқымын жақсартуға басымдық беріледі. Бұл ретте фермерлік шаруашылықтарды қаржыландыру тетігі де қарастырылған. Жайылымдарға су жеткізу үшін инфрақұрылым тарту шығындары әкімдіктерден берілетін инвестициялық субсидиялар есебінен жабылады. Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы мобильді вагон, мал қора, жылжымалы станок сатып алуға несие беріледі.
«Асыл тұқымды бұқалар бордақылау алаңдарымен тегін қамтамасыз етіледі. Аналық мал басын сатып алу үшін Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бойынша несие үлестірілмек. Бұдан бөлек, жемазық дайындау үшін қажетті техника лизингке беріледі немесе «ҚазАгро» арқылы қарызға ұсынылады. Бір ерекшелігі, бұл бағдарламада тікелей мал шаруашылығына берілетін субсидиялар алынып тасталған. Бағдарлама тек құдықтардың құнын субсидиялауды ғана қарастырады», – деп түсіндірді Арман Евниев.
Су жеткізу үшін жайылымдарды өзен жағасынан таңдау ұсынылып отыр. Бұдан бөлек, еріген қар суын тиімді пайдалану қажеттілігі де айтылды. Бағдарламаны жүзеге асыру үшін халықаралық ұйымдардан да қаржы тарту мәселесі қолға алынбақ. Мәселен, Азия даму банкі аталған бағдарламаға қатысуға қызығушылық танытқан.
«Етті мал шаруашылығын дамыту тұжырымдамасы Бүкіләлемдік даму банкі, Азия даму банкі және Бостон консалтинг групп сияқты халықаралық ұйымдардың сарапшыларымен бірлесе отырып әзірленді. Сонымен қатар, олар өздерінің қаржысын қолдана отырып жаңа бағдарламаны жүзеге асыруға ынталы. Қазіргі уақытта бағдарламаға Inalca Eurasia (Еуропа), Cedar Group (Аустралия), Глобал биф компаниялары қатысуға дайын екенін білдірді», – дейді Арман Евниев.
Министрлік өкілдерінің мәлімдеуінше, бағдарлама аясында фермерлерге 76 млн гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскесі берілмек. Фермерлер жеңілдетілген несиеге қол жеткізетін болады. Бұл орайда несиенің және лизингтің үстеме пайызын субсидиялау ережесіне өзгерістер енгізілуде. Кредит беру рәсімдері де оңтайландырылады.
«Бірыңғай салық режимі енгізілетін болады. Ол үшін арнайы жұмыс тобы құрылды және тиісті заңдарға өзгерістер енгізуге дайындық жұмыстары басталды. Тауарлы мал басын шетелден әкелу жұмыстары қолға алынады. Министрлік тарапынан етті мал шаруашылығын дамытудың нақты тапсырмаларымен және орындалу мерзімі айқындалған жол картасы әзірленді», – дейді вице-министр.
Еске сала кетейік, ел үкіметі 2010-2016 жылдары ет экспортын 60 мың тоннаға жеткізу туралы міндеттеме алған болатын. Алайда, бұл міндеттеме орындалған жоқ. Жыл басында Үкімет отырысында осыны еске алған премьер-министр Бақытжан Сағынтаев бұл жолы мұндай олқылыққа жол берілмеуі керек екенін қадап айтқан еді. Атап өтерлігі, бүгінде мемлекет басшысының тікелей араласуымен Қытайға жылқы еті мен қой етін жеткізуге қойылған барлық кедергі жойылды. Сондай-ақ, Біріккен Араб Әмірліктері тарапынан ірі қара мен ұсақ мал етін кіргізуге қойылған кедергілер де алынып тасталды. Бақытжан Сағынтаевтың айтуынша, жыл соңына дейін Қытайға ірі қара мал етін экспорттау мәселесі реттелмек.
Аталмыш бағдарлама ойдағыдай жүзеге асса, 80 мың отбасылық ферма ашылуы мүмкін. Оларға тиесілі 58 млн гектар алқапты 100 млн гектарға көбейтуге де мүмкіндік туады деп сендіреді министрлік мамандары.
Былтыр Қазақстанда 241 мың 771 тонна ет өндірілген. Бұл 2016 жылғы көрсеткіштен 9,7% көп. Ал, биыл алғашқы тоқсанда 63 мың 631 тонна ет нарыққа шығарылды. Былтырғы үш аймен салыстырғанда 15,5% жоғары. Десе де, әлеуметтік зерттеулер халықтың ет жеуі азайып, нан мен сүт өнімдеріне сұраныстың 1,5-2% артқанын көрсетіп отыр. Мамандар бұған экономикалық жағдай мен халықтың орта есеппен жан басына шаққандағы ақшалай табысының азаюы, инфляцияның өсуі себеп дейді. Сондай-ақ, базардағы еттің қымбаттап жатқаны байқалады.
Алқашқы тоқсандағы мәліметтерге сүйенсек, елдегі ет бағасының жылдық өсімі 8-10% жеткен. Ал, азық-түлік тауарларының дәл осындай орташа өсім көрсеткіші небәрі 5,5%. Бір жыл ішінде, әсіресе, сиыр еті бағасы қатты қымбаттаған. Яғни, 9,9% өсіп, бір килограмм сиыр етінің орташа құны 1481 теңгені құраған. Қой етінің бағасы 9% артып, бір килограмм үшін 1390,1 теңге шамасында болған. Шошқа еті мен жылқы еті сәйкесінше 8,8% қымбаттаған. Тауық етінің бағасында ғана айтарлықтай өзгеріс жоқ. Ол бар болғаны 0,4% өсті, бір келісінің орташа құны 745 теңге көлемінде.
Сиыр еті мен қой етінің ең қымбаты Астанада тіркелген. Бұл ет түрлерінің бір килограмм үшін құны сәйкесінше 1666 және 1720 теңге. Ал, бағасы шарықтаған шошқа етін жезқазғандықтар сатып алыпты. Мұнда еттің бір келісі үшін баға 1463 теңге деп көрсетілген. Сол сияқты Қарағандыда жылқы еті қымбат (бір килограмы 1841 теңге) болса, құс етінің қымбаттауы Атырауда байқалған, яғни, бір килограмы 890 теңге. Қостанайдағы баға бұдан едәуір төмен, бір келі тауық етіне 700-780 теңге жұмсайсыз. Сиыр, қой еттерінің құнында да Астанамен салыстырғанда 150-200 теңге (келісіне) айырмашылық бар.
Былай қарасаңыз, ет бағасының көтерілуіне нақты бір себеп жоқ секілді көрінеді. Өйткені, мал шаруашылығының қарқыны жаман емес. Оны дамыту үшін жасап жатқан мемлекет қолдауы да бұрнағы жылдармен салыстырғанда әлдеқайда күшейе түскен. Оның үстіне, мал шаруашылығын дамыту бағытында соңғы бір-екі жылдың ішінде жаңа бағдарлама да қабылданған. Маңызды бағыттарды басымдықпен дамытудың жол карталары да әзірленген. Мұның сыртында, жеке үй шаруашылықтарын кооперативтерге біріктіру жұмыстары да қызу жүргізілді. Кооперативке біріккен үй шаруашылықтары бұрынғыдай өнім алушыны іздеп, әуре болмайтын болды. Олардың қолдарындағы ет пен сүтті жинап алу үшін әрбір үлкен ауылдан қажетті техникалық құралдармен жабдықталған қабылдау пункттері ұйымдастырылды. Тіпті, бұл істе министрлік жоспарлағаннан да оза шауып, 2017 жылы мыңға жуық кооператив құрылды. Бірақ, баға неге қымбат? Сарапшылар бір ғана себепті көрсетіп отыр. Ол – экспорт жоспарын орындамау. Қазақстан биыл Қытаймен қой етін экспорттауға келісімге келді. Осындай қадамдардың қайыры болса, оны да көрерміз…
Аслан ҚАНҒОЖИН

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


Поделитесь этой новостью!