Тыйымдар мен шектеулер – тұрақтылық үшін

Тыйымдар мен шектеулер – тұрақтылық үшін

Жуырда Мәжілісте дін саласындағы заң жобасы таныстырылды. Жаңа заң дінді деструктивті мақсаттарда пайдаланбауға, мемлекеттік органдардың құзыретін кеңейтуге және діни бірлестіктердің қызметін жеңілдетуге бағытталған.

Айта кету керек, заң жобасында қоғамдық орындарда адамның бет-бейнесін тұмшалайтын киім түрлерін киюге тыйым салынған. Яғни, никаб киюге болмайды, ал хиджаб не орамал тағуға рұқсат беріледі. Ал, оқушылардың хиджаб кию-кимеуін білім министрлігі реттейді.

«Мектепте хиджаб немесе орамал тағып жүру білім министрлігінің құзыретіне қарайды. Бұл мәселе білім беру туралы заңда, білім министрінің бұйрығында жазылған. Қазіргі заң жобасында мұндай норма жоқ, егер білім министрлігі осы норманы енгізуге бастамашы болса, біз қарсы емеспіз», – дейді ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев.

Заңда «деструктивті діни ағым» және «діни радикализм» ұғымдарының анықтамасы алғаш рет енгізілген. «Заң жобасында деструктивтi дiни ағым белгiлерiн пайдалану және көпшiлiкке көрсетуге тыйым салу көзделiп отыр. Осы белгiлер заңнамалық нормативтiк-құқықтық актiде бекiтiледi. Бұл белгiлер сыртқы, идеологиялық, психологиялық әрi тұжырымдамалық белгiлер болуы мүмкiн. Осындай сыртқы белгiлердi көпшiлiкке көрсетуге тыйым салу ұсынылып отыр. Деструктивтi дiни ағымдардың сыртқы белгiлерiне исламдағы радикалды ағымдарға тән заттар жатқызылуы мүмкiн. Мысалы, бетiн жауып тұратын киiм, қысқа балақ шалбар, сақал…. Олар жеке-жеке емес, бiрге қарастырылады. Бұл актiде эскиздер немесе фотосуреттер де берiлуi мүмкiн. Мамандар мен арнайы сараптама арқылы олардың деструктивтi ағымға жататыны, жатпайтынына анықтама берiледi. Яғни, мамандар бiрнеше сыртқы белгiсi бар азаматпен тiлдесiп, оның дiни көзқарасын бiледi. Сақал ұзындығы мен басқа белгiлердiң барлығы актiде бекiтiледi. Қажет болған жағдайда мамандар азаматқа ескерту жасайды», – дедi Ермекбаев. Министрдiң айтуынша, деструктивтi дiни ағым кез келген дiннiң iшiнде болуы мүмкiн. Бұндай ағым адамның санасы, ой-өрiсi мен қоғамдық қауiпсiздiгiне қауiп келтiруi ықтимал. Сондықтан, заңнамалық акт жасауда IIМ, ҰҚҚ мен Дiн iстерi және азаматтық қоғам министрлiгi бiрлесiп қызмет атқармақ.
Заң жобасына Қазақстан азаматтарының шетелде діни білім алуын құқықтық реттеу туралы түзетулер де енгізіліпті. Енді жерлестеріміз отандық оқу орындарында білім алып, дінді дұрыс таныған соң ғана шетелге жолдама алмақ. Базалық білімі болмаса, шекара аса алмайды.

«Діни білімді беруді және діни уағыз-насихатты міндетті түрде діни бірлестіктің құқығы бар азаматтар, яғни, білікті мамандар ғана жүргізуі қажет. Діни білімді жетік білмеген адамдар насихатқа кірісіп, топ құрып жатқан тұстарына осы заң бір шешімін шығарады», – дейді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз.
Сондай-ақ, заңда БАҚ өкілдерінің діни ілім туралы материалдары арнайы діни сараптамалық кеңес қараған соң ғана жарияланымға жіберілуі тиіс. Заң жобасын таныстыру барысында ҚР Дiн iстерi және азаматтық қоғам министрi Нұрлан Ермекбаев мемлекеттiк қызметкерлерге қойылған шектеулердi атады. «Мемлекеттік қызметшілерге, оның ішінде әскери қызметшілерге тек үш шектеу қойылып отыр. Біріншіден, олар өздерінің қызметтік мүмкіндіктерін діни бірлестіктердің пайдасына немесе дін мүддесіне пайдаланбауы керек. Екіншіден, олар басқа адамдарды діни бiрлестіктерге қатысуға мәжбүрлемеуге тиіс. Үшіншіден, мемлекеттік және әскери қызметшілер өздері діни бірлестіктердің бастамашысы немесе ресми мүшесі бола алмайды», – дейдi Ермекбаев.

Министрдiң айтуынша, кейде мемлекеттік қызметшілер лауазымын, қызметтік мүмкіндіктерін пайдаланып, қол астындағы адамдарға қысым көрсетіп, оларды діни іс-әрекетке мәжбүрлейді. Осы ретте министрдің кезекті бір сөзін келтірейік: «Бұған жол бермеу үшін осындай нормалар керек. Өйткені тек бүгінгі күнді емес, болашақты да ойлауымыз қажет. Ең алдымен, мемлекеттік қызметшілер өз мүмкіндіктерін кез келген діни бірлестіктің мүддесі үшін пайдаланбауы керек. Олар бейтарап, тек мемлекетке қызмет етуі тиіс. Өздері діни бірлестіктерді құра алмайды. Осы ғана, басқа шектеу жоқ. Олар, мысалы, демалыс уақытында еркін мешітке немесе шіркеуге бара алады. Құрбандық шала алады. Бірақ жұмыс уақытында емес. Ешқандай ар-ождан бостандығы бұзылмайды. Ал әскерде сарбаздар жалпы жарғыға бағынуы керек».

Қазақстанда терроризм және діни экстремизммен күрес үшін 2018-2022 жылдар аралығында 286 млрд 981,6 млн теңге жұмсау жоспарланып отыр. Атап айтқанда, республикалық бюджеттен 226 млрд 294,2 млн теңге, жергілікті бюджеттен 60 млрд 687,4 млн теңге қарастырылған

Естеріңізде болса, Ақтөбеде биылғы оқу жылы басталысымен бірнеше рет осы орамалға қатысты шу шықты. Орамал таққан бір топ оқушы қыздарды бірде мектеп директоры кіргізбесе, кейде ата-аналары мектепке жібермей жүр. Баласын білім алуға жіберген ата-аналарға енді айыппұл салынбақ. Ақтөбе облысындағы осындай он ата-ананың әрқайсына 12 мың 25 теңгеден айыппұл тағайындалды. Бұл туралы Ақтөбе облысының білім саласын бақылау департаментінің директоры Жанна Қайшығұлова мәлім етті. Оның сөзінше, айыппұл салу үшін тағы екі ата-ананың құжаттары әзірленіп жатыр.

«Он адамға бес айлық есептік көрсеткішке (АЕК – ред.) тең айыппұл салынды. Олар Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 409-бабының 2-тармағында көрсетілген («Ата-аналардың немесе өзге де заңды өкілдердің білім беру заңнамасында көзделген міндеттерді орындамауы немесе тиісінше орындамауы») заңнаманы бұзды деп айыпталып отыр. Ата-аналар «иә, біз мектеп формасын бұзғанымызды мойындаймыз, баланы сабаққа жібереміз» дегенде ескертумен шектелген болар едік. Бірақ олар айтқандарынан қайтпай қойды. Енді олар бір ай аралығында айыппұлды төлеуге міндетті. Енді бір жыл ішінде бұл жағдай қайталанар болса, екінші рет 20 АЕК-ке тең (48100 тг) айыппұл салынады», – дейді Жанна Қайшығұлова.

Жалпы, Ақтөбедегі орамалға қатысты дау шешімін таба тастады. Мәселенің өткір тұрғанын түсінген жергілікті билік іске теологтар мен полицейлерді араластырды. Олар орамал тағатын оқушылардың үйлерін тізіммен аралап жүріп, түсіндіру жұмыстарын жүргізіпті. Облыстық дін істер басқармасының мәліметіне сүйенсек, облыс бойынша мектепке бастарын бүркеп келетін 394 оқушының қазір 114-і орамалдарын шешкен. Алайда дін қызметкерлері сол оқушылардың 75% балиғат жасқа жетпеген қыздар екенін айтады. Бұл мәселе еліміздегі дінге қатысты заңдарға өзгерістер енгізілгеннен кейін ғана түбегейлі шешілуі мүмкін. «Исламда үш адамды жауапқа тартуға болмайды. Біріншісі – балиғат жасқа толмаған бала. Екіншісі – ұйқыда жатқан адам. Үшіншісі – ақыл-есі кем адам. Бес жасар балаға орамал таққызып қойған. Бұл – ата-аналарының талабы, исламның да заңында жоқ нәрсе», – дейді Ақтөбе облыстық дін істері басқармасы басшысы Жолдас Қалмағанбетов.

Дін туралы жаңа заңда діни бірлестіктердің қаржылық қызметінінің ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған арнайы нормалар енгізілген. Сондай-ақ, құжатта кәмелетке толмағандарды діни жиналыстар және (немесе) рәсімдер, құлшылық етуге қатыстыру шарттары анықталады. ҚР Дін істері және азаматтық қоғам вице-министрі Берік Арынның айтуынша, енді балалар діни ғұрыптарға, мешіт пен шіркеуге тек ересектермен еріп бара алады. Ал, жеке өздері баруға тыйым салынбақ. «Бұл нормада міндетті түрде ересек адамдардың бірі баланың жанында болуы ескерілген. Нақтырақ айтқанда, ата-ананың бірі, кәмелетке толған жақын туыстары, яғни, ағалары мен әпкелері, атасы мен әжесі, сондай-ақ заңды өкілдері болуы керек. Осы орайда міндетті талаптың бірі – ата-ананың бірі қарсы болмауы тиіс» деген ол, бұл норма балаларды діни сипаттағы деструктивті ықпалдан қорғауға арналғанын жеткізді. Сонымен, заң жобасымен төменгі палата депутаттары танысты. Енді бұл құжат жұмыс топтарында талқыланып, Мәжі-лістің жалпы отырысына шығарылады.

Асыл ҚАСЫМ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


Поделитесь этой новостью!