Отанын сүйген өршіл ер

0
15

img678Зейнолла Әбенов. 1941-1945 жылдары Отан қорғау жолында от кешіп, оққа ұшқан тағы бір есім. Жерлесіміз туралы мәліметтер өте көп болмағанымен, оның отыз жылдық өмірінің өзі ұрпаққа өнеге. Жиырма сегіз жасында майданға аттанған сарбаз ұрыста жанкешті жауынгерлігімен көзге түсіп, «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған.

Көшеге аты берілсе…

Зейнолла Әбенұлы 1913 жылы бұрынғы Торғай облысы № 6 ауылда (қазіргі Ақкөл) дүниеге келген. Соғысқа 1941 жылы Қостанай аудандық әскери комисариатынан шақыртылады. Сол кезде ол осы ауданда қызмет етіп жүрген. 1934 жылы Константиновка селосынан комсомолдар қатарына алынып, кеңестік партия мектебіне жіберіледі. Оны үздік бітіріп келіп, аудандық комсомол ұйымының бюро мүшесі болады. Қоғамдық жұмыстарға белсене араласа жүріп, коммунистік партия мүшелігіне де қабылданады.

Бойындағы патриоттық рухтың тасып тұрғаны сондай, фашистік пиғылдағы басқыншылар тыныш елді шабуылдаға-нын естігеннен-ақ соғысқа баруға өзі сұранған деседі. Сөйтіп, Қызыл Армия шебіне шақыртылып, қанды қырғын ортасына жіберілген.

– Жалындап тұрған жас кезі, ел қорғау-ға өзі тіленіпті. Сауатты, қайратты, келбетті, жігіттің нағыз төресі болған. Суретте көзінен көрініп тұр ғой. Осындай азаматтың артында ұрпақ қалмағаны өкінішті, – деп бір күрсініп, әңгіме тар-қатты Есімхан ақсақал редакциямызға келгенде. – Етене жақын туыс емеспін, бірақ, жоқтаушысы болмаған соң, осы бір жауынгердің есімі елеусіз қалмасын деп жүрген жайым бар. Соғыс жылдары бала едім. Сонау сызатты шақтың мені ерте есейткен елестерін әлі естен шығарған емеспін. Қара жамылып боздаған аналарды, азаматынан айрылып, шаңырағы ортасына түскен талай үйді көзіммен көрдім. Үлкен трагедия! – иегі кемсеңдеп кетті. Сәл үнсіздіктен кейін сөзін әрі жалғады. – Майданнан оралып қалар деп, үмітін үзбей жарын, баласын күтіп жүрген әжелерді көргенде жүрегім ауыратын. Бір әжеміз соңғы демін үзгенше баласының суретін қойнына қысып жатты. Міне, осындай оқиғаларға куә болған мен соғыстың шын мәнінде не екенін, оның зардабын түсіндім. Соның әсері шығар, сұрапыл қырғында болған жерлестеріміз туралы бір дерек естісем елең етіп, реті келсе жинап жүретін әдет таптым.

Есімхан Сейдахметұлы қазір Қостанай қаласында тұрады. Оның бір арманы – Зейнолла Әбеновке бір көшенің аты берілсе. Осы ұсынысты замандастарымен бірлесіп қағазға түсіріп, облыстық ономостикалық комиссия қарауына жолдады. Хатта Затобол кентіндегі Школьная көшесін жауынгер есімімен атау туралы айтылған. Ердің өнегелі ғұмыры жайында да жазылған. Ақсақалдың пікірінше, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында осы бір істі жүзеге асырудың орайы туып тұр. Комиссия бұл ұсынысты құп көре ме, жоқ па, ол алдағы уақыттың еншісінде.

Бауырды жоқтау

Зейнолла – Әбеннен тараған бес ұлдың үшіншісі. Ағасы Қайролламен екеуінен басқа Байдолла, Өткелбай, Рамазан есімді бауырлары отызыншы жылдары аштықта шетінеп кетсе керек. Қарындасы Күлдария аман қалған. Зейнолла Әбенұлы соғыс басталғанға дейін татар қызы Мнауара Фахрутдиновамен отау құрады. Бірақ бала сүю бақыты бұйырмаған екен. Есімхан ақсақал бертінге дейін Алматыда тұратын Күлдариямен (бірер жыл бұрын о дүниелік болып кетті) хабар алысып тұрыпты. Сонда қарындасы бір хатында былай деп жазыпты: «Ұлы Отан соғысы басталған кезде Зейнолла Әбенұлы Қостанай ауданы атқару комитеті председателінің орынбасары болып қызмет атқарып жүрген еді. Соғыс басталған соң-ақ дегбірсізденіп, мазасы кетіп: «Жігіттер майданға аттанып жатыр. Отан басына ауыр күн туды. Мен де кетуім керек. Қалай шыдап жүремін!» – деп өзі арыз беріп, көп ұзамай соғысқа аттанып кетті. Отбасында қарындасы – мен Күлдария, анам (әже деуші едім), жеңгем Мнауара Фахрутдинқызы, көкем – төртеуіміз ғана едік. Әжем Разила кәрі, 62-де, мен он бес жаста едім. Әкем ертерек қайтыс болған. Әкем қайтқанда, ол кезде 7-демін. Зейнолла көкем әке орнына әке болып, тәрбиелеп өсіріп, оқытып, қатарымнан кем болмауыма үлкен көңіл бөлді. Білімге деген құштарлыққа баулыды. Сол 1941 жылы-ақ ұрысқа кіріп, бірнеше рет жараланып, қайтадан соғысқа кетіп бара жатқанын хабарлап, хат жазды. Бұл оның соңғы хаты болды. 1944 жылы 24 июньде майданда қаза тапты. Көкемнің еліне, жеріне деген сүйіспеншілігі күшті, аса жоғары болатын. Қанша рет жараланса да қайтпады, қайтадан ұрысқа түсе берді. Көкемнің қазасы жүрекке қатты батты. Қайғы-қасіретке ұшыраған кездерім өте көп болды. Амал не! Қолдан келер ешнәрсе жоқ. Бәріне көндік. Тағдыр солай болған соң, көнбеске амалың қанша. Сол ауыр жағдайда, 1944 жылдың тамыз айында шығарған өлеңдерімді альбомнан алып жіберіп отырмын.

Көкеме

Өтер жылдар, өтер күндер,
Бірақ шықпас естен еш.
Суық хабар мұздай болды,
Жүрегіме жазғы кеш.

Төгілерсің, себілерсің,
Толқындарсың ыстық жас.
Тебіренерсің, қиналарсың,
Әрбір іспен қайран бас.

Қайран бауырым, қымбатты,
Қайтқан хабар тым батты.
Әлі есімде көкемнің сол
Деген сөзі: «Мін, атты!».

Өлім, өмір қырқысумен,
Болдың қаза майданда.
Аттанып ең ел кегі үшін,
Таяу екен ажал да.

Аузын ашқан аранды ажал,
Қабырғамды сөгілтті.
Теңдесі жоқ қайран бауырым,
Көзден жасты төгілтті.

Жара көңіл жабырқанып,
Қаламымды қолға алып.
Орыныңды толтыра алмай,
Өтер-ау өмір толғанып.

Қайран бауырым, сені ойлап,
Түстім қайғы торына.
Сен өлгенше мен құрбан боп,
Кетпедім неге жолыңа!

Елін, жерін сүйетұғын,
Азамат қалай шыдайды.
Білсең-дағы, қайран бауырым,
Ерлігің елге ұнайды».

Жауынгер серті

Зейнолла Әбенұлы туралы деректер аз. Фотолары жоқ, хаттары сақталмаған. Көзін көргендерді қазір кездестіре алмасымыз анық. Ол жайлы естігендердің өзі сиреп барады. Күлдарияның үйі өртенгенде ағасының майданнан жазған хаттары мен суреттері де жанып кеткен екен. Тек бірен-сараңы сақталған. Қолымызда гвардия аға лейтенантының бірінші Балтық жағалауы майданында 268-ші атқыштар полкының 90-шы дивизия сапында болғаны, қайда туып, қашан қаза тапқаны, қайда жерленгені туралы мәліметтер және жалғыз суреті бар, оның өзі түпнұсқасы емес. Сонымен қатар, 1943 жылы дивизия командирінің орынбасары болып жүргенде аса қиын тапсырманы орындап, «Ерлігі үшін» төсбелгісін таққаны жайында баяндалған әскери құжат көшірмесі бар. Оның сүйегі Белоруссия даласында, Витебск облысының Полоцкий ауданындағы (келесі бір әскери құжатта Ушачский ауданы деп көрсетілген) бір деревняда бауырластар қорымында жатыр.
Қостанай қаласында Жеңіс саябағында-ғы құлпытаста екінші дүниежүзілік соғыс-та көз жұмған жерлестеріміздің есімі жа-зылған. Сол тізімнің басында Әбенов тұр. Оның Отанын қалай сүйгенін өзі жазған мына өлең жолдары айғақтайды:

Тыңда мені, туған Қазақстаным!

Тыңда, туған Қазақстан,
Майдандағы ұлдарыңнан!
Біз оқыдық хаттарыңды,
Екі миллион қол қойылған.

Тыңда, туған Қазақстан,
Туған елім Гүлстан!
Сарқылмас күш – бұл хат бізге,
Жыртқыш жаумен алысқан.

Тыңда, туған ата-аналар,
Ер майданда сыналар.
Тар жол тайғақ кешіп жүрген,
Біз ұлдарың кек алар.

Жүрек жұтып, жалын атқан,
Жауынгерміз шеру тартқан.
Жауды жеңіп, жоқ қыламыз –
Сертіміз сол сіздерге айтқан.

Тыңда, туған Қазақстан!
Майдандағы ұлдарыңды.
«Жанға – жан» деп тидік міне,
Фашистерге аласұрған!

Жауынгер бұл өлең жолдарын 1943 жылдың наурызында жазыпты. Оның жырлары «Большевиктік жол» газетінде басылып тұрған. Майдан даласынан жазған хаты да жарияланған екен. Сол хатпен осы мақаламызды түйіндеуді қош көрдік.

Майданнан хат

«Мені комсомол тәрбиелеп өсірді. Затобол ауданындағы Константиновка селосындағы бастауыш комсомол ұйымы 1934 жылы қаңтардың 24-і күні кешкі сағат 11-де мені «Комсомол мүшесіне қабылдансын» деп қаулы алды. Сол күннен бастап маған мәдениеттің, сауатты өмірдің жаңа есігі ашылды. Мені комсомол ұйымы совет-партия мектебіне оқуға жіберді. Ол мектепті үздік бітіріп, сыйлық алып шықтым. Кейінірек Қос-танай ауданының комсомол комитеті мені бюро мүшелігіне сайлады. 1938 жылдан бері партия мүшесімін. Отанымыздың басына аса зор қауіп төнген күннен бас-тап өзім тіленіп, мен майданға аттандым. Қазір мен Ұлы Отан соғысында Совет офицері дәрежесіне жеттім. Мені тәрбиелеген Қостанайдың комсомол ұйымына менен гвардиялық жалынды сәлем!

Зейнолла Әбенов,
гвардия аға лейтенанты.
«Большевиктік жол», №221 (2027),
30 октябрь 1943 жыл».

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here