Даланың энциклопедиясы

0
13

Жиырмасыншы ғасырда өңірге атағы жайылған өнерпаз, ақын, Жангелдин, Амангелді аудандарында халық театрының
негізін қалаушылардың бірі Ахметхан Әбіқайұлы туралы ел ішінде түрлі әңгімелер айтылады. Ол елге белгілі шежіреші де болған. Қазаққа аты мәшһүр ақын-жазушылар, тіпті ғалымдар да оның ауылында апталап жатып, әңгімесін тыңдайтын дейді көргендер.

img349 IMG_9840

Ахметхан Әбіқаев 1902 жылы қазіргі Қостанай облысы Жангелдин ауданы Шилі ауылында туған. Ақын 1936-46 жылдары Амангелді, Жангелдин аудандарында халық театрын ұйымдастырып, өзі әнші, күйші әрі актер болып қызмет етеді. Ол айтыс ақыны ретінде де танылған. 1957 жылы Алматыда өткен республикалық айтыста Сәттіғұл, Игібай, Қалқа, Нұрхан сияқты айтулы ақындармен айтысқан. Оның Әли ақынмен айтысы мектеп оқулығына кірген, «Айтыс» (1965 ж.) «Ақындар шықты айтысқа» (1960 ж.) жинақтарына да басылды. 1986 жылы туған халқы сан қырлы өнер иесін мәңгі сапарға шығарып салды.
Әбіқайдың Ахметханын танығысы, зерттегісі, білгісі келген әр адам оның көзін көргендермен тілдескен абзал. Оның сан қырын, болмысының ерекшелігін тамсанып айтпаған жанды көрмедік. Ол туралы Ахметтанушы, ардагер журналист Ибраһим Ағытаев (суретте) та жалықпай әңгімелеуге бар.

«Ғалым Ақселеу Сейдімбектің көзі тірісінде шығарған «Қазақтың ауызша тарихы» атты кітабы бар, – деп бастады сөзін Ибраһим ақсақал. – Сол еңбекте Ахметханның есімі аталады. Ғалым Қазақстан бойынша үш шежірешіден дерек жинаған, соның бірі осы Ахметхан. 1976 жылы Ақселеуді Ахметханмен кездестірген адаммын. Сонда фольклортанушы ғалым үш күн жатып, Ахаңның әңгімесін тыңдаған еді. Екеуі күй тартыс-ты. Ахметханнан бірінші рет «Тән-тән» деген күйді тыңдады, оның шығу тарихын білді. «Он екі ирек» әнін айтып берді Ахметхан. Өңешпен айтылатын ерекше ән. Бұл әнді әркімге теліп, қазір Есенжолдікі деп жүр, бұрынғы зерттеушілерден ол туралы мағлұматтар қалмаған. Сол жолы Ақселеуге Молдабайдың әнін орындап бергені де есімде».

Жадында сақталған осындай есте-ліктерден бөлек, ақсақалдың қолында Ахметханның орындауында шырқалған бірталай әндердің таспалары сақталған. 1984 жылы жазып алған Ахмет Бай-тұрсынұлының «Екі жирен», «Қаракөз» әндері бар.

«Осы күні әншілер «ахахау, ехехеу» деп ән салады. Ахмет деген өзі қандай сұлу болса, әні де сондай сұлу, сөзі де сондай сұлу» деп Ахметтің «Қаракөзін» қалықтатады. Қайырмасы «Беу, жұбайым» деп келеді. Көздің қарашығындай сақтаған бұл дүниелерді жарыққа шығармақ ниетпен облыстық филармония әншілеріне ұсынып көргенмін. Ескіргендіктен бе, кейбірінің сөздері анық естілмейді, сапасын жоғалтқан. «Он екі иректің» бір-ақ ауызы қалған», – деп қабағы түксиді қарияның.

Ахметхан Әбіқайұлы мықты жадымен талайға таңдай қақтырған. Оның осы бір қырына Ибраһим аға 1967 жылы бірінші кездескеннен-ақ тәнті болған екен. Алғаш автобус ішінде танысыпты.
«Әулиекөлден міндім, – деп әрі жалғады әңгімесін ақсақал. – Жаңа үйленген жас кезім, қайын жұрттан келе жатқан бетім еді. Жолда Сұлукөлден бір үлкен кісі отырды. Орын бердім. Қалғып келе жатқан менің маңдайымнан салалы саусағымен көтеріп, «мен Ахметханмын» дейді. Біріншіде «болсаң қайтейін» дегендей мән бермедім. Дәмдіге тоқтағанда тағы бір қайталады, «мен Ағытаевпын» дедім сосын. Су әкеп беруімді өтінді. Таныса келе мына оқиғаны баяндады: «Мен білетін екі Ағытаев бар. Біреуінің немересі болуы керек, оларға тартсаң, жайынауыз сары болар едің. Сен қылағайсың ғой. Отыз екінші жылы отыз жасымда, Әбдік (Ахметханның ағасы — автор) екеуміз Ақкөлдің Құмаралына бардық. Қыстадық. Жазғытұры бір балық түспей, сағадағы бір ауылды жағалап, Бердімұрат деген атаңның үйіне келдік. Есікті аша бергенімде, Салмойын деген әйелі өңменімнен итеріп, айғайға басты. Арғы бөлмеден бір әйел тоқтатып, қолдың басындай күйелеш-күйелеш нан ұсынды. Сонда соның арғы жағында Ағытай деген бала тұрып еді 15-16 жасар. Шешесінің аты Үкі, қыпшақтың қызы. Сен соның баласы болдың ғой», – деді. Міне, жадының мықтылығын қараңыз, сонда бұл оқиғаға отыз жылдан артық уақыт өткен кез еді… Оған бір кісі туралы айтсаң, «әкесі бәленше, өзі мынадай адам, атқа былай отыратын, былай сипалап қамшылаушы
еді» деп тәптіштеп, бәрін айнытпай салатын».

1984 жылдың жазы. Ибраһим ағамыз Шилі кеңшарында парторг болып жүрген. Кабинетіне екі адам кіреді. Біреуі Торғай басқармасының басшысы Жұмақан Сәдуақасов, екіншісі бөтен кісі. Ахаңа келіпті. Үйі кеңсенің алдында болатын, кісілерді ертіп алып барады. Сырттан келген қонақ сөз арасында «мені танымайсыз» деп қалса керек, сонда Ахметхан сұрақтың астына алып:
– Қайдансың?
– Семейден.
– Кімсің?
– Оспановпын.
– Оспан өз әкең бе, нешінші атаң?
– Үшінші атам.
– Ә! Оспанның жал-ғама аты бар ма?
– Қажы деседі.

– Жеті жасымда Нәуенге еріп, ашамайға мініп, Семейдің Қа-ракөліне барғанбыз. Сонда Қаракөлдің жа-ғасында Оспан қажы-ның ауылы отырады екен. Ортада ақ үй, екі жақ шетінде қоңыр үйлер. Жер ошақтың басында бірі қара ала, бірі сары ала тазылар жататын. Сен сол Оспан қажының нәсілі болдың ғой, – дегенде, жаңағы кісі түрегеп қолын алыпты. Әлгі оқиға бала кезінде, 75 жыл бұрын болған екен. Есте сақ-тау қабілетінің мықты болғанына тағы бір дәлел осы. Ол Ибраһим ағамыз сыйлаған «Үш ғасыр жырлайды» кітабындағы барлық жыр-дастандарды жатқа айтқан көрінеді.

Ахметханның әкесі де осал болмаған. Әбіқай Нұртазаұлынан «Тасмешін» дас-таны мен біршама өлеңдер мұраға қалды. Ол халық ақыны Нұрхан Ахметбековті де қамқорлығына алып, тәрбиелеген.
Әрине, біз бір мақаламен таланты тасқын үлкен тұлғаның барлық қырын бір мақаламен аша алмасымыз анық. Теңізге тамған тамшыдай, тек бір қасие-тіне тоқталып өттік. Бұл күнде ондай мықты жады бар, сан қырлы өнер иесі өте сирек, жоқтың қасы. Қазақта, ел ішінде осындай дарындар болғанын еске салып, екі өлеңін қоса беруді де артық көрмедік.

Мен нені сүйем?

Бірлескен берік іргелі елді сүйем,
Кең дәулет, ризық берген жерді сүйем,
Бел шешіп белдесердей еңбек еткен,
Елеулі еңбек еткен ерді сүйем.
Адамның адыр келмей адыраңдаған,
Ашуын ашпайтұғын кеңді сүйем,
Қарамай жарағыңа, беделіңе,
Қақ жарған қара қылды теңді сүйем,
Жарамды жағдай тауып, немді сүйем?!

Сүйгіштер қайтер еді арды сүйсе,
Қанағат қамындағы барды сүйсе,
Сағынып сағат сайын семьясын,
Баянды баласы мен жарды сүйсе.

Саны жоқ, сапасы жоқ сансыз сүю,
Ғашық болып, өртеніп, жану-күю,
Ләйлі-Мәжнүн секілді қосылғандар,
Ұзамай боп жатады ию-қию.
Сондай соққан сүю сөз бір бұзылмай,
Қор боп кетті бүгінде қайран сүю.

***
Жазықты тілім

Біткенің неге маған сорға тілім,
Болмадың майда, жұмсақ, жорға тілім.
Жылпылдап, жылмаң қағып,
жағымпазсып,
Өтпейсің ел ішінде зорға тілім.

Не пайда айтқырлықтан таптың тілім,
Дей алман ащы тілмен шақтың тілім.
Қаралап қағаз жазып не куә боп,
Дей алман жанға жала жаптың тілім.
Ауылда құлқын құмар болғандарға,
Айта алман еш уақытта жақтың тілім.

Қылыштай қынаптағы өткір тілім,
Алмастай шыны тілер кескір тілім.
Жөн екен мына сөзің деген бар ма,
Ендігі қойған жерде тек тұр тілім.

Аслан Қанғожин

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here