Ұстаз, ғалым, ағартушы

0
17

Тәуелсіздік алған уақыттан бастап, күні бүгінге дейін төл тарихымызды қайта жаңғырту жолында көптеген жұмыстар атқарылғаны баршамызға аян. Дей тұрғанмен, әлі де болса зерттеуді талап ететін тақырыптар, зерделеуге зәру дүниелер жетерлік. Ұлт үмітін сөндірмей өткен тарихи тұлғалар туралы деректерді де халықпен қауыштыру парызымыз.

Ұлан-байтақ жерімізде туып өсіп, ел тарихына өлшеусіз үлес қосқан тұлғалардың қай-қайсысының да еңбегін ескерусіз қалдырмай, қайта жаңғыртсақ, нұр үстіне нұр болары анық. Жас ұрпақты отаншылдық рухта тәрбиелеу – ел алдындағы абыройлы міндет! Ендеше, ата-бабалардың үлгі-өнегесі мен мол мұрасын келер ұрпаққа жеткізу – елім-жерім деп жүрегі соғатын әрбір қазақстандықтың асқақ мұраты саналуы тиіс.
Тарихшылар ел тарихының жан-жақты жүйеленуін жеке тұлғалардың зерттелуімен тығыз байланыстырады. Осы мәселені зерделеу жолында ғалымдардың алар орны ерекше.

Адамзат мәдениетінің дамуында халық игілігі, ұрпақ мүддесі үшін қазақ зиялыларының да қосқан өз үлесі бар. Бір өкініштісі, сол елшіл ерлерге қоғамнан лайықты баға берілмек түгілі, көбісі әлі күнге толық насихатталмауда. Ұлт тарихы мен мә-
дениетінің өрлеуі жолында өзіндік із қалдырған, Қостанай өлкесінің тумасы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Әмір Қанапиннің де есімін бұл күнде білетіндер аз.

Қанапин Әмір Қанапияұлы 1913 жылы 31 желтоқсанда Қостанай облысы, Қостанай ауданының «Бірлік» ауылында (қазіргі Алтынсарин ауданындағы Сатай ауылында) Қанапия Барлыбаев деген шаруаның отбасында өмірге келген. Орта жүздің бес таңбалы тайпасынан шыққан асыл азамат Ұзын қыпшақтың баласы. Яғни, Ұзын қыпшақтан екі ұл – Алтыбас пен Алтыс туады. Алтыстың Құттық атасынан Әмір Қанапин тарайды.

Ата-анасынан ерте айрылып, жетімдік тауқыметін тартқан Әмір Қанапияұлы сегіз жасынан бастап Қостанайдағы балалар коммунасында тәрбиеленеді. Қостанай балалар коммунасы – қазіргі қала орталығында орналасқан Ыбырай Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернат. Даланың дана ұстазы атанған Ыбырай бабамыздың өзі ір-гетасын қалаған бұл мектеп талай-талай таланттар мен алуан-алуан алғырларды, «тарыдай болып кіріп, таудай болып шыққан» мыңдаған ұрпақты үлкен өмір сүрлеуіне тү-сірген аталы да баталы шаңырақ. Осындай білімді, зиялы азаматтарды тәрбиелеп шығарған ортада білім алған азаматтың бойында адамгершілік, адами парасаттылық қасиеттері қалыптаса отырып, оның ғылым әлеміндегі көзқарасы да дамыды.

Білімге құштар жас жігіт 1930-1932 жылдар аралығында қалада-ғы мұғалімдер курсын ойдағыдай бітіреді. Бұл жерде өмірлік ұстаны-мы мен бағытын анықтаған ол одан кейін ұстаздық жолында аянбай еңбек етіп, білімін жетілдіру мақсатымен Қостанай қазақ оқу-ағарту институтына оқуға түседі. Онда екі жыл оқып, математика және әлеуметтік-экономикалық пәндері бойынша мұғалімдік диплом алып шығады. Ол ұстаз бола жүріп, комсомол қатарына да қабылданды.

Жерлесіміз еңбек жолын 1932 жылы Таулы-Алтай автономиялық облысының Ойрот колхоз институтында қоғамдық пәндер оқытушысы болып бастады. Алғырлығымен, талаптылығымен көзге түскен болашақ тарихшы өз білімін 1935-1938 жылдар аралығында Мәскеу мемлекеттік университетінің меха-ника-математика факультетінде, одан әрі 1948 жылы КОКП жанын-дағы Жоғары партия мектебінде жалғастырады.
Университет қабырғасында оқып жүргенде биология факультетінде оқитын болашақ жары – Медведева Елена Анатольевнамен танысады. Оқуды ойдағыдай бітірген соң, КСРО Халық Комиссарлары Кеңесі жанындағы Қазақ республикасы-ның тұрақты өкілдігіне қызметке орналасады. Республика оқу-ағарту халық комиссариатында басқарма бастығы, оқу-ағарту комиссарының орынбасары болып істейді.
Мықты маман ретінде қалыпта-суы үшін баспасөз саласында да шамалы уақыт тер төгуге тура келеді. 1941 жылдың қаңтарында «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің жауапты редакторы қызметіне бекітіліп, бір жылдай еңбек еткені бар. 1942-45 жылдар аралығында Қарағанды облыстық партия коми-тетінің хатшылығы лауазымы сеніп тапсырылған.

Ағартушылық қызметте ғана емес, ол сонымен бірге қоғамдық өмірде де белсенділік танытып жүретін. Ұлы Отан соғысынан кейінгі жылдары Республиканың Комсомол басшысы болды, қазақ жастарымен бірлесе бірталай іс тындырды. Ол кезең – баршамызға белгілі, соғыс салған ауыр зардаптар мен сызатты жаралардың орны әлі жазыла қоймаған, әр үйде әкесін жоғалтқан бала, перзентінен айрылған ананың зарлы үні басылмаған ауыр да қиын тұстар еді. Сондықтан да жастарды қайрап, олардың рухының төмен түспеуі және қайта жалындап жануы үшін аянбай еңбек етуді негізгі мақсат ұстанды. Әлеуметтік жағдайларды қалпына келтіруге үлес қосатын бейбіт өмірдің білімді, тәрбиелі ұл-қыздарын тәрбиелеп шығару жолында аянбай еңбектенді.

Сонау бір береке қашқан тұстағы жалпы халықтың, соның ішінде жастардың жағдайы оны қатты алаңдатты. Көптеген жас соғыстан оралмады, кейбіреулері орта білімді азаматтар еді. Олармен тіл табысып, әр қайсысының қабілетіне қарай қоғамдық істерге жұмылдыру кез келген адамның қолынан келе бермейтін іс екені даусыз.

1945-1951 жылдар аралығында Қазақстан ЛКЖО (Лениндік Комсомол Жастар Одағы) Орталық Комитетін басқарып, құрмет пен беделге ие болды. Осы уақы-ттарда халқына елеулі еңбек сіңіріп, ерен істер жасады.

Осылайша, ұстаздық мамандық алып, ғылымның әр саласында, қоғамдық қызметтерде еңбек еткен Әмір Қанапиннің дүниетанымы өте кең, әрі жан-жақты дамыды. Ол қалам тартқан тақырыптар – қазақ тарихы, мәдениеті мен өнері жайында. Ғылыми қызметпен бірге рес-публиканың саяси өміріне де белсене араласқан Әмір Қанапин 1951-1954 жылдары Алматы облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы, 1954 жылдың ақпан айынан Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институты директорының орынбасары қызметтерін абыроймен
атқарады. 1955-1961 жылдары Қазақ КСР-ның Мәдениет ми-нистрі болып тағайындалады. Ми-нистрлік қызметте жүріп, 1958 жылы кеңестік делегация мүшесі ретінде Белгияның Брюссель қаласында өткен әлемдік көрмеге қатысқанын да айта кеткеніміз жөн.

1953 жылы КОКП жанындағы қоғамдық ғылым академиясында тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесі беріледі. 1966 жылы докторлық еңбегі – «Культурное строительство в Казахстане» атты диссертациясын қорғайды. Байқап отырғанымыздай, тарихи зерттеуі қазақ халқының өнері мен мәдениеті тарихына арналады. Осы тақырыптағы жарыққа шыққан ізденістері аз емес. Еңбегі ескерусіз қалмаған азаматқа 1968 жылы КОКП тарихы кафедрасының профес-соры ғылыми атағы берілген.

Өмірінің соңғы кезеңін оқы-тушылық қызметке арнаған ол 1962 жылдан бастап Алматы шетел тілдері институтында, кейін КОКП тарихы кафедрасының меңгерушісі қызметтерін атқарады. Үлкен лауазымды қызметтерден кейін ұстаздыққа ауысқан Әмір Қанапияұлы жас мамандар даярлауға, ғылыми кадрларды жетілдіруге лайықты еңбек сіңірді. Оның ғылыми жетекшілігімен 22 аспирант дайындалып, өздерінің ғылыми диссертацияларын сәтті қорғап шықты. Атап айтсам, Ш.Адилов, В.Капралов, Э.Янчук, Т.Садықов, В.Козьменко, А.Құдай-бергенов, Қ.Әбуев, А.Күзембайұлы, Р.Бекбаева, В.Гришин және тағы басқалары.

Ғалымның шәкірті, белгілі тарих-шы-ғалым, профессор Аманжол Күзембайұлының айтуынша, Әмір Қанапияұлы аласа бойлы, көзінде көзілдірігі бар, толық келген, барынша мейірбан, айналасындағыларға ойлы жанарынан шуақ төгіп, ешкімге дауыс көтермейтін, жайдарлы, жұмсақ мінезді адам болған.

Қоғамдық өмірде үлкен еңбектер атқарған ол халықтық университеттер жұмысы бойынша республикада алғаш рет ғылыми-әдістемелік кеңес құруда бастамашы болды. 1969 жылдан республикалық ұлттық университеттер кеңесінің төраға орынбасары, сонымен бірге бір уақытта осы университеттердің Орталық Кеңесінің мүшесі болып қызмет еткен кезеңдер де ғалым ғұмырнамасының көрнекті бір тұстары.
Елеулі қоғамдық-саяси және ғылыми-педагогикалық қызметі үшін Кеңес Одағының бес орденімен марапатталған. Құрмет грамо-таларының өзі қаншама. Ұлттық университеттер Орталық Кеңесінің бүкілодақтық «Білім» атты кітабына есімі құрметпен енгізілді.

Қоғам қайраткері, ұлағатты ұстаз 1972 жылы «КСРО Жоғары мектебінің үздігі» төсбелгісімен, ал 1974 жылы «ҚазКСР Жоғары мектебінің үздік қызметкері» құрметті атағын иеленді.

Ә.Қанапин Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бюро мүшесі, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің мүшесі, екі мәрте КСРО Жоғарғы Кеңесінің, төрт мәрте Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды.

Тарихшы-ғалым 1988 жылы 21 қаңтарында 74 жасына қараған шағында Алматы қаласында дүниеден озды. Алматыдағы Кеңсай зиратында жерленген.

Профессор Аманжол Күзембай-ұлының айтуына қарағанда, ға-лымның артында қалған екі баласы – Артур мен Агнессаның тағдыры беймәлім. Қызынан туған немересі Алматы қаласындағы ғалым тұрған үйде тұрады деседі.

Ғалымның өзі өмірден өтсе де, өлмейтін артында мол мұрасы қалды. Ол кісінің 200-ге тарта жұмысы, соның ішінде 6 монографиясы, 16 кітапшасы (брошюра), 21 ұжымдық еңбектері мен бүкілодақтық және республикалық басылымдарда жарияланған 50-ге жуық мақалалары бар.
Көзі тірісінде жазып кеткен «Қазақстан мәдениеті жаңа кезең-де» (1968), Л.Варшавскиймен бірлесе жазған «Искусство Казахстана» (1958), А.Яндаровпен бірлесе жарыққа шығарған «Расцвет культуры казахского народа» (1977), «Развитие личности и культура» (1986) және тағы басқа да ғылыми еңбектерінің келешек ұрпақ үшін берері мол.

Қорыта келіп айтпағым, ұлт жанашыры, мәдениет зерттеушісі, тарихшы-ғалым Әмір Қанапиннің туғанына биылғы жылдың 31 желтоқсанында 100 жыл толады. Осы орайда, ғалымның туған жерінде, мектептерде, оқу орындарында ғылыми-практикалық конференциялар өткізілсе, болашақ ұрпақ үшін тұлға тағылымы мен өнегелі өмір жолы үлкен сабақ болар еді.

Нұрлыбек ЕЛКЕЙ,
тарих магистрі, Қостанай мемлекеттік педагогикалық
институты, Археология және этнология ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here