Ұлы жолды ұластырушы

0
13

ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында ағарту саласында Ғабдулғали Балғымбаев ерекше еңбек сіңірді. Оған ғалымдар «Ыбырай Алтынсариннің ісін жалғастырушы» деп баға берген.

1 фото Ғ.Балғымбаев Новый рисунок 2 фото Новый рисунок
3 фото Новый рисунок

Қолымызда ол туралы мәліметтер өте аз. Дәлірек айтқанда, ғалымдар әлі толық топтастырмаған. Туған жылына қатысты екі түрлі дерек бар. Бір жерлерде «Балғымбаев Ғабдулғали Балғымбай-ұлы 1866 жылы 20 сәуірде дүниеге келген» десе, келесі бір деректерде 1967 жылы туғаны айтылады. Алдыңғы дерекке сүйенсек, онда биыл тұлғаның туғанына 150 жыл толып отыр.

Аты-жөнінің өзі әр жерде әртүрлі кез-деседі. Абдулғали Балғымбаев деп атайтындар Орынбор Ғылыми мұрағаттық ко-миссиясының есебіндегі тізімге сүйенетін болуы керек. Ал, Абиғали Балғынбаев деп көрсетілген Қостанай энциклопедиясы бұрынырақ жарыққа шыққан Қазақ Совет энциклопедиясындағы анықтамаға жүгінетін сыңайлы. Дегенмен, ондағы деректің қайдан алғаны анық жазылмапты. Бірақ Абдулғали, Ғабдулғали, Габдулла, Абиғали Балғынбаев, Балкимбаев, Габдул-Галиевич деп әрқалай аталып жүрген ағартушы есімін кейінгі қазақ зерттеушілері Балғымбаев Ғабдулғали Балғымбайұлы деп атауды ұсынады. Өйткені, Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұрағатының №25 «Торғай облыстық басқармасы (1869-1917)» деп аталатын қорында жинақталған жеке іс қағазында солай жазылған. Біз де сол тоқтамға келдік.

Ғ.Балғымбаевтың кіндік қаны тамған жері – Торғай даласы. Әке-шешесі қарапайым шаруа адамдар. 1875-1876 жылдары Торғайдағы бір сыныптық орыс-қазақ училищесінде оқып жүрген кезінде-ақ 9-10 жастағы бала Ыбырай Алтынсариннің еңбегімен танысып, дана ұстазға ұқсамаққа талпынады. Орынбор (кейбір деректерде Орск) мұғалімдер мектебін 1886 жылы бітіргеннен кейін, ұлы ағартушының шақыруымен ол Қостанайдағы екі кластық училищеде алғашқы ұстаздық қызметін бастаған. 1887 жылы училищенің бір класының мұғалімі және уақытша меңгерушісі қызметіне кірісіп, 1891 жылы Торғай облысының инспекторы болып тағайындалады. Еңбек жолындағы алғашқы үш-төрт жылдың өзінде көзге түсіп, оған Орынбор оқу округі алты рет алғыс жариялаған екен. 1900 жылы 13 қарашада Ғ.Балғымбаевқа «Торғайдың құрметті азаматы» атағы берілген.
Ғабдулғали Балғымбайұлы жары Әліп Бетембаевамен (Торғай уезінен) бірге алты бала тәрбиелеп өсірген: Үлкен қызы Мәрия (1888 ж.т.), ұлы Әбубәкір (1891 ж.т.), қызы Халима (1893 ж.т.), қызы Рахима (1895 ж.т.), қызы Нағима (1900 ж.т.) және кенжесі Рахила (1901 ж.т.).

Педагог ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында Орынбор оқу округіне қарасты Қарабұтақ орыс-қазақ училищесінің меңгерушісі болып та қызмет істейді. Одан кейінгі жылдары тәлімгері Ыбырай ел аузынан жинаған аңыз-әң-гімелер мен шежірелерді, «Боз жігіт» дас-таны мен ғашықтық жырларын, Әбубәкір Кердері, Күдері Жолдыбайұлы сынды ақындардың өлеңдерін, айтыстарды орыс тіліне аударады. Бұл кездері ол «Торғай облыстық ведомостары» газетінің редакторы әрі іс жүргізуші лауазымын қатар атқарып жүрген. Қызмет баспалдағымен жоғарылай келе, Ғабдулғали Балғымбаев 1907-1917 жылдары облыстық халық училищелерінің инспекторы болады. Осы он жылда оның ықпалымен 22 мектеп ашылады. Дене шынықтыру, еңбек пәндері оқу жоспарына сол уақытта енгізілгенін бүгінгі жұрт білер ме екен?!
Ғалымдар ағартушының қолжазба өмірбаянын алға тартып, ол 1920 жылы Торғай уездік ревкомының жанындағы халық ағарту бөлімінің, содан кейін экономикалық бөлімінің меңгерушісі, 1921 жылы уездік халық шаруашылығы кеңесінің бастығы қызметін атқарғанын келтіреді. Одан соң уездік атқару комитеті оқу-ағарту бөлімінің меңгерушісі, 1924 жылы уездік атқару комитеті Кеңесінің ұсынысымен онда алғашқы бас бухгалтер және шаруашылық бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалған. Төрт жылдан соң уездік атқару комитеті аудандарға бөлініп, тарағаннан кейін Торғай аудандық атқару комитетінде есепші болады.
1907 жылдың 16 қыркүйегінде «Торғай» газетінің №37 санында «Облыстық хроника» атты айдарында: «Торғай уезінен шыққан Ғ.Балғымбаев «Торғай облысы ведомоствосы» газетінің редакторы және облыстық газет бөлімінің бастығы, Торғай облысы бойынша мектептердің екінші инспекторы бұратана халықтар училищесінің тәртібін қарау үшін құрылған комиссия құрамында Санкт-Петербургке жүріп кетті», – дегенді жазған. 1909 жылы 19 сәуіріндегі газеттің №16 санында шыққан Қостанайдағы тұтқын балалар үйінің пайдасына қайырымдылық көрсеткен адамдардың ішінде Ғ.Балғымбаевтың да аты жүр. Сондай-ақ оның көптеген жұмыстары, қазақ қоғамына сіңірген еңбегі баспасөз беттерінде үнемі жарияланып отырған.

Тұлғаның ұлт жанашыры болғанын да келесі бір дәйектер айғақтайтындай. Ол Ахмет Байтұрсынұлы шығарған «Қазақ» газетінің таралымының көбеюіне атсалысады. Бірақ, соңына түсушілер пайда болып, «Торғай қазақтарын «Қазақ» газетіне зорлап жаздыртып жатыр» деген жала жабылады, сөйтіп жендеттердің бақылауына алынады. Шындығында, патша үкіметі газеттің саны күн санап өсіп, ұлттық сана-сезімді оятып жіберуден
сескенген еді.

Орынборлық тарихшы Д.Сафоновтың дерегіне сүйенсек, «Қазақ» газетінің оқырмандар саны 1913 жылы 3000 адам (тек қазақ даласы емес, сонымен қатар, Мәскеуде, Санкт-Петербургте, Түркия мен Қытайға да тараған), 1914 жылы – 2500, 1916 жылы – 3000 данаға жеткен екен. 1918 жылы сегіз мыңнан аса оқырманы болған.

Ғабдулғали Балғымбайұлы ағарту саласына қайта ден қойып, 1930 жылдан бастап мектептерде мұғалімдік қызметін одан әрі жалғастырды. Кейінірек Алматыға ауысып, өлкелік кеңсеге жұмысқа орналасады. Қазақ халық ағарту комиссариатының әдіскері және халық ағарту бөлімінің меңгерушісі сияқты жауапты қызметтерді де абыроймен атқарады. Алатау бөктерінде жатқан қаладағы Ұлттық мәдениет институтында, орталық мұражайда да оның қолының табы бар. Кейін Қазақ КСР Ғылым академиясы қазақ филиалында ғылыми қызметкер болады.

Қазақ тарихын кезінде жинақтаған бір-ден-бір мекеме Орынбор ғылыми мұрағат комиссиясы болатын. Оған мүше болған қазақтар арасынан Ахмет Байтұрсынов пен Ғабдулғали Балғымбаевтың есімдері айрықша аталады. Өйткені, олардың еңбектері ұшан-теңіз.

Даланың дана ұстазы Ыбырай Ал-тынсариннің шәкірті, әрі әріптесі, оқу-ағарту, ғылым салаларында жемісті еңбек еткен Ғабдулғали Балғымбаев 1943 жылы 28 қаңтарда мәңгілік сапарға аттанған.

Аслан ЖАҚСЫЛЫҚҰЛЫ

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here