Алғашқы мектептер туралы шындық

Алғашқы мектептер туралы шындық

Қазір «Рухани жаңғыру» идеясы аясында көптеген істер атқарылып, тарихтың ақтаңдақ беттері қайта қаралып жатыр. Ұлттық санамыз оянып, уақытында айтылмаған шындықтардың беті ашылуда. Соның бірі – Торғай, Тосын мектептеріне қатысты деректер.

Торғай уезінде Қазан төңкерісіне дейін Ы.Алтынсарин мектептерінен басқа 1905 жылы Тосын құмында төрт жылдық орыс мектебі, Торғайдың өзінде 1909 жылы Н.Г.Ивановтың ұйымдастыруымен ашылған қазақ-орыс ер балалар училищесі болған. Бұл училище 1922 жылдан бастап орыс жеті жылдық мектебі аталған.

1870 жылы Ағарту министрлігінің «Ресейді мекен еткен бұратана халықтарды ағарту шаралары жөніндегі заңы» жарық көреді. Бұл заңға, негізінен, Н.И. Ильминскийдің бұратана халықтарды орыстандыруды көздеген миссионерлік педагогикалық жүйесі енгізіледі. Яғни, осы заңда орыс емес халықтар үшін үш түрлі категория белгіленеді. Атап айтқанда, біріншісінде сабақ ұлттың өз тілінде жүргізіледі, алайда міндетті түрде орыс әліппесімен оқыту талап етіледі. Алтынсарин ашқан мектептер осы категорияға кірді. Екіншісінде барлық сабақ таза орыс тілінде жүргізіліп, тек түсінбеген жағдайда ғана кейбір жайттарды ана тілінде баян етуге болатын еді. Үшіншісінде сабақ тек орыс тілінде ғана жүргізіліп, ана тілінде сөйлеуге мүлде рұқсат етілмеді. 1905 жылы Тосында ашылған интернат типтес төрт жылдық мектеп, міне, осы категорияға жатады. Бұл мектепке жиырмаға тарта бала қабылданады. Әбдібек Бірімжановтың (Ыбырай Алтынсариннің нағашысы әрі шәкірті) бірнеше бөлмелі үйін мектеп етіп, балалар сонда жатып оқып, тамақтанады. Оқу тек қана орыс тілінде жүргізіледі. Иван Илларионович Прохоров деген орыс сабақ береді. Мұғалім қазақ тілін мүлде білмейтін болғандықтан, алғашқы кезде болыстың хатшысы қазақша жақсы сөйлейтін Николай Токарев деген кісі аудармашылық жасап жүреді де, кейін балалар мұғалімдерімен еркін сөйлесетін болады. «Мектеп бойынша бір бала күніне кезекшілік міндетін атқарып отыратын», – деп жазады І.Бәйменов өзінің бір естелігінде. «Сабақ басталғанына екі-үш ай өткен соң бір күні мұғалім «Говорим по русский» деген жазуы бар тақтайшаны кезекшіге беріпті. Кезекші ол тақтайшаны ұстап балалардың арасында жүреді. Кім қазақша сөйлеп қойса, тақтаны соның қолына ұстата қояды. Тамақ ішудің алдында әлгі тақтайша қай баланың қолында болса, ол тамақтан қағылуға тиіс болатын. Әрине, ешкімнің аш қалғысы келмейді. Сол себепті балалар, әсіресе, тамақ ішетін уақыт тақалғанда ауызын бағып, үнемі орысша сөйлеуге тырысатын» [І.Бәйменов «Ұшқан ұя. Торғай түлектері», Арқалық, 1991. 55 б.].

Батырбек Бірімжанов Ыбырай Алтынсаринге Қостанайдың Қыпшақ билері балаларымызды «шоқындырып жібересің» деп мектеп ашуына рұқсат бермегеннен кейін Торғайға нағашылары белгілі беделді Бірімжан мен Қазыбек билерге барып, 1864 жылы мектеп ашқанын айта келіп: «Бірімжан бұл мектепке басқаларға үлгі-өнеге болсын деп екі баласын – Қорғанбек (менің атам) пен Әбдібекті берді. Оның бұл бастамасын Торғай уезінің басқа қазақтары да қолдай бастады. (Т.Т. Тәжібаевтың монографиясынан алынған Ы.Алтынсариннің сынып журналын қараңыз). Ауылдарда да осындай мектептер ашыла бастады. Жоғарыда аты аталған Әбдібек Тосын болысындағы мектепті көп жыл бойы қаржыландырып тұрды. Осы мектептің оқушыларының бірі менің жерлесім, мұғалім, Қазақстанның мәдени-ағарту саласына үлкен еңбек сіңірген қайраткер Ілияс Бәйменов», – деп, Ілияс Бәйменовтің 1908 жылдары осы мектепте оқығанын, кейін соны жиі есіне алып отыратынын баян етеді. Мұғалім қазақша бір сөз білмегендіктен, ақырында көрші ауылдағы болыстық басқарманың іс жүргізушісі Н.Токарев бір ай бойы аудармашы болғанын айтады.

Қостанай билерінің «балаларымызды шоқындырып жібересің» деуі негізсіз емес еді. Өйткені, Ресей империясы елге зорлық-зомбылық көрсете бастады. Қазақтың құнарлы жерлері орыс шаруаларына беріліп, басқа ұлттар мектебінен, өз тілінен айрылды. «Себебі олар біртұтас мемлекет тіліне енді. Бұдан кейін осы жерлердегі ұлттарды толығымен орыстандыру саясаты жүргізіліп жатты. Ол жұмыстар ұлт мектептерінде түгелімен орыс тіліне көшіру, ұлтты тек орыс тілінде сөйлету, өз тілдерін ұмытуға итермеледі» [Аманжолов К.Р. «Түркі ха лықтарының тарихы». 3-кітап. (XVIII ғасырдың екінші жартысынан XX ғасырдың бірінші ширегіне дейін) Алматы: «Білім», 2005. 349 б.].

Ы.Алтынсарин Ресей империясының бұл саясатын алғашында білмеді. Сондықтан да ол Ильминскийге 1884 жылы 14 қыркүйекте жазған хатында: «Облыстық басқарманың мынадай нөмірлі бұйрығы бойынша» деген сияқты ресми сөздерді жаттатудан не пайда болмақ?» деп мектеп оқушыларының жан-жақты білім алуы керектігін айтты. Ал, шындығында Ильминскийге қазақ балаларының сауатты болғаны керек емес еді. Ол үшін қазақ балалары «облыстық басқарманың мынадай нөмірлі бұйрығымен» дегенді жаза білсе болғаны еді. Ресей империясының қазақ жерінен мектеп ашудағы мақсаты да облыстық әкімшілік кеңселерінде қызмет істейтін тілмаштар, ұсақ чиновниктер дайындау болатын. Ыбырай инспектор болып тұрған кезде Ақтөбеде, Торғайда, Ырғыз, Тройцкий уездерінде, Орск қаласында мұғалімдер училищелері ашылып, оқытушылар қатары толыға түсті. Бөрте, Қарабұтақ, Обаған, Жітіқара, Қараторғай болысында болыстық мектептер, Ақтөбеде қазақ тарихында тұңғыш рет қыздарға арналған мектеп ашылды. Бұл, әрине, үкіметке ұнамай, Ыбырай қудалана бастады. Үкіметтің ісін түсіне қоймаған Ыбырай Ильминскийге: «Менің өз ойым және істеп жүрген ісім үкіметтің бастаған бағытына толық сәйкес келетін болғандықтан, бұрын мен қажетті жерінде бастықтардың өздері де қолдайды ғой деп сенуші едім, бірақ бұған да сене беруге болмайды екен» (1884, 14 сентябрь), – деп жаны күйзеле жазды.

Ыбырай Алтынсариннің өмірі мен шығармашылығын алғашқы зерттеушілердің бірі, тарихшы ғалым Б.Сүлейменов ағартушының небір кедергілерге қарамастан жалынды ағартушылық жұмысын тоқтатпауы Торғай соғыс губернаторының наразылығын тудырғанын айтып: «Алтынсариннің жеке бастамасымен барлық жерлерде халық мектептерін ашып, артық қаржы жұмсағаны үшін облыс генералы Проценко оны тіпті сот алдында жауапқа тартпақ болады», – дейді. Алайда, Проценконың қызметінен түсіп қалуына байланысты Алтынсарин соттың қудалауынан құтылады. Мектеп ашып, оқушыларға сапалы білім, үлгілі тәрбие беруді ғана ойлаған Ыбырай бұл ісінің Ресей империясының заңына мүлде қайшы келетінін білмегені соншалық, (Жоғарыда аталған заң Ильминскийдің педагогикасының негізінде шыққан – С.О.) әкесіндей көріп, сеніп, айнымас досы санап Ильминскийге: «… сәл нәрседен жақпай қалған адал адамның басын жойып жіберуден тайынбайтын өкімет бастықтарымен істесу одан да бетер қиын және қауіпті екен…» [1884, 30 сентябрь], – деп жазды. Ресей империясының мәдениетімізді жойып, халықты қараңғылықта ұстағысы келген арам ниетінің өзін жақсылыққа жорыған ұлы ұстаз Ыбырай Алтынсариннің ерен еңбегінің арқасында Қазан төңкерісіне дейін Торғайда ашылған мектептер баға жетпес қызмет көрсетті. Бұл талай айтылған да, жазылған да баршаға мәлім жайт. Н.И. Ильминскийге 1889 жылы 6 наурызда: «…Ырғызда мировой судья және тергеуші болып Әлмұхаммед Сейдалин істейді. Ол қазақтарды оқыту ісіне өте ықпалды адам. Биыл ол қазақ қыздары үшін Ырғызда қазақ сахарасындағы ең тұңғыш 20 кісілік қыздар мектебін ашуыма көмектесті».

Ә.Сейдалин қыздар мектебінің ашылуына көмектесіп қана қоймайды, басқаларға үлгі-өнеге болсын деп екі қызын сол мектепке оқуға береді. Солардың бірі – Гүлжауһар Әлмұхаммедқызы Сейдалина жоғарыда аты аталған Батырбек Бірімжановтың анасы. Батырбек Бірімжановтың Ыбырай Алтынсарин ашқан мектепте атасы Қоғанбек (1865 ж.), әкесі Ахмет 1880, өзі де (1921-1922) оқыған. Тосын болысында ашылған төрт жылдық орыс мектебінде оқыған І.Бәйменов 1920-1923 жылдары Торғай уездік оқу бөлімінің меңгерушісі, уездік атқару комитетінің төрағасы қызметтерінде болады. Жиырмасыншы жылдардың аяқ шенінде өлкелік Кеңес партия мектебінде, Қазақ хал ық ағарту комиссариатында, ал отызыншы жылдары Қазақ мемлекеттік жоспарлау комитетінде қызмет істейді. Ол 1923, 1924, 1925 жылдардағы Қазақ Кеңесінің III, IV, V съезінің делегаты. 1925 жылы Торғай өңірінде алғашқы партия ұясы Тосын болысының №2 ауылына қарасты Аралтөбе (қазіргі Шеген ауылына қарасты жер – С.О.) қыстауында ұйымдастырылады да оның алғашқы хатшысы болып Ғапбас Саламатов сайланады. Орынбор қаласындағы өлкелік кеңес партия мектебінде қызмет атқарып жүрген Ілияс Бәйменов уездік атқару комитетінің тапсырмасымен осы партия ұясын ұйымдастыруға белсене араласады. І.Бәйменов француз жазушысы Г.Малоның «Тірі жетім» повесін, Б.Оноприенконың «Судағы ойындар» кітабын, «Қазақ ССР қылмыстық кодексін» қазақшаға, З.Шашкиннің «Тоқаш Бокин», Ғабдол Слановтың «Дөң асқан» романдарын, С.Сейфулиннің көптеген өлеңдері мен поэмаларын орыс тіліне аударған майталман аудармашы. 1909 жылы ашылып, 1987 жылы Қостанай облыстық кеңесі шешімімен «Н.Г. Иванов мектебі» атанған оқу орны жоғарыда айтылған заң категорияларына мүлде сәйкес келмеді. Өйткені, оның негізін қалап, кейін меңгерушісі болған Н.Г. Иванов Ыбырай Алтынсариннің шәкірті еді. Сондықтан, ол ұлы ұстаз үлгі-өнегесін әрі қарай жалғастырып, сара жолынан таймады.

Н.Г. Иванов та, мектепте сабақ берген басқа мұғалімдер де орыстандыруды емес, балаларға орыс тілін үйретіп, үлгілі тәлім-тәрбиеге баулуды мақсат еткен. Мұны Данабике Қаралдинаның: «Орыс тілін, жеке сөзін де білмейтін қазақ балаларына сабақ беруден қиналған мұғалім алдымен қазақ балаларымен түсінісе жүріп, қазақ тіліне қалай үйреніп алғанын аңғармай да қалған. Ақыры орыс тілін қазақша беретін болған», – деген сөзінен де аңғару қиын емес. Оның үстіне сабақ бергендердің көбісі Ғабдолғали Балғынбаев, Ғалымжан Бектемісов, Қаражан Топаев, Шабден Сомтеміров, Ілияс Бәйменов, Жақсылық Нұрғалиев, Масғұт Жоламанов, Мұқан Өмірзақов, Қайырбек Ысқақов сияқты қазақ мұғалімдері болған. Н.Г. Иванов 1887 жылы 27 тамызда Ырғыз қаласында туып, Ы.Алтынсарин негізін қалаған Ырғыз қолөнер училещесін, 1907 жылы Орынбор мұғалімдер семинариясын бітіреді. 1933 жылы 20 ақпанда қайтыс болады. Н.Г. Иванов атындағы орта мектеп қазір де өз қызметін тоқтатқан жоқ. «Иванов мектебін» бітірген Қанапия Қойдосов ұлт-азаттық көтерілісіне қатысып, өшпес ерлік көрсеткендер қатарында болды. Торғайдағы Сужарған мектебі қазір Қанапия Қойдосов атында, Ұлы Отан соғысына қатысушы полковник Мырзағали Жангелов, жастар жетекшісі болған Оймауыт Дабылбаев, ұстаз Рахым Көркембаев, ұзақ жыл Ұзынкөл ауданының әкімі болған Рақымбек Жұмағұлов, Санжар Аспандияров атындағы Алматы медицина институтының профессоры, жазушы Жауғашар Төлебаев «Иванов мектебінің» түлектері. Бұл мектептерді бітіріп, ауыл шаруашылығы салаларында еңбек еткен, қазір де тер төгіп жүрген біз білмейтін азаматтар қаншама?!

Серікбай ОСПАНҰЛЫ,
филология ғылымдарының кандидаты

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


Поделитесь этой новостью!