Ұлт медицинасындағы жаңа бағыттың жаршысы

0
24

Ол Ақтөбедегі медициналық университеттің травмотология бөліміне оқуға түскенде нағашысы Жалмұрат сынықшы сияқты халықтың адамы болуды армандаған еді. Сол жылдарда нейрохирургия елімізде дамымаған медицина саласының бірі болды.
Бірде Ақтөбеге мәскеулік атақты нейрохирург А.Н.Коновалов келіп осынау арманшыл адамның қиялына қанат бітіріп, медицинадағы жаңа бағытқа қызығушылығын оятты. Ол арманшыл адам – бүкіл дүниежүзілік дәрігерлер қауымдастығының шешімімен берілетін «Әлем дәрігері» атағын 2008, 2009 жылдары екі рет қатарынан иеленген, «Платиналы Тарлан», Пирогов атындағы сыйлықтардың иегері, «Парасат» орденімен, бірнеше медальдармен марапатталған Жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Ұлттық нейрохирургия орталығы басқармасының төрағасы, профессор Серік Ақшолақов болатын.
Бүгінде Серік Қуандықұлының есімін естімеген адам кем де кем шығар. Қашан көрсең де қарапайым қалпынан жазбайтын, мейлінше еңбекқор, талапшыл басшы, үлкен ғалым, жаңашыл дәрігер Серік Қуандықұлының еліміздегі нейрохирургия саласын дамытудағы еңбегін ештеңемен өлшеуге келмес, сірә.
Ақшолақов Серік Қуандықұлы қазір Астанадағы «Нейрохирургия ұлттық орталығының» басшысы, Халықаралық Еуразиялық нейрохирургия Академиясының академигі, медицина саласында топ жарған дәрігер-нейрохирург. Ұлттық орталық ашылғанға қазақстандықтар шет елдерде ғана емделіп жүрді. Оны көбісінің қалтасы көтере бермегендіктен, пациенттер үшін нейрохирургиялық ауруға шалдығу үкімге тең еді. Алайда орталықтың ашылуы көптеген жандарға екінші өмір сыйлады. Бұны жылына өткізетін оталардың саны өскендігінен де байқауға болады. Мәселен, ашылған жылдары орталықта жылына 250-300 операция жасалса, қазір бұл көрсеткіш 3 мыңға жуық.
– Біздің орталықта күрделі операциялар жасалады. Шынында, көп адам ауруын жасырғысы келеді. Дер кезінде алдын ала емделгеннің нәтижесі өте жақсы болатынын ескермейді. Әлі де біздің халықтың денсаулыққа көзқарасы төмендеу, – деп дәрігер көкейтесті ойымен бөлісті.
Ұлттық орталық демалыссыз жұмыс істейді. Бұл жерден ем алуға жұртшылық еліміздің түкпір-түкпірінен, тіпті көрші елдерден де келетін көрінеді. Дәрігерлердің қабылдауында болып, Ақшолақовтың жеке кеңесін алу үшін қаншама шақырым артқа тастап бірнеше америкалықтар да, Еуропа елдерінің тұрғындары да келіпті.
Асқақ Астанадағы жаңа әрі заманауи орталық ашылғанға дейін жас маман талай асулардан өтті. Жалынды жастық шағын оқуға, білім игеруге арнады. «Тек қана алға жүру, тоқтамау және қандай жеңіс пен жетістікке жетсең де мастанба, масаттанба һәм кідірме» деген өмірлік ұстанымымен ол Мәскеуге аттанған болатын. Студент кезінде өзін шақырған А.Н.Коноваловтың жанында болып, он бес жыл тәжірибе жинады, танымал ғалымның жетекшілігімен докторлық жұмысын қорғады. Ең алғашқы өзінің күрделі операциясын да Ақшолақов Мәскеуде жасаған еді.
– Өз басым Қазақстан медицинасының қарыштап дамуын Тәуелсіздікпен және Астанамен тікелей байланыстырамын. Себебі, Тәуелсіздік арқасында Астана салынса, сол Астанада ең бір заманауи клиникалар салынудың қажеттігі айқын еді. Бұл орындалды да. Олар және бұрынғы жолмен емес, барлық жабдығы түгенделген, тек ішіне кіріп, пациенттерді емдей беруге болатындай етіп салынды. Сызылған жобасының өзінде қай аппараттың қай жерде тұратыны виртуалды анықталып, қабырғасы тұрғызылмастан бұрын олардың барлығы кіргізіліп, коммуникациясы, асай-мүсейін тегіс дайын етіп, бірден пайдаланатын емханалар. Ал біз бұрын ондай клиникаларды білмейтінбіз.Сөйтсе, медициналық логистика деген ғылым, оның профессорлары бар екен. Бір кіздері нейрохирургияны ашу мүмкін емес, олар емдейтін аурулар аз, дайын мамандар жетіспейді, тіпті жоқ деп есептейтін. Ал негізінде нейрохирургиялық көмекке зәру жандар аз емес еді, тек біз оларды шақырып емдей алмайтынбыз. Олар үйлерінде ауырып, ауылдарында жатып, емделуге барып жазылу керектігін де білмей, өмірімен қоштасатын, – дейді білікті дәрігер.
Оның айтуынша, Тәуелсіздік отандық медицинаның дамуына, қазақтандық білікті мамандардың да көптеп шығуына тың серпін берді. Әсіресе, бұған Елбасының бірінші кезекке ұлт денсаулығын алға шығаруы да өз жемісін берген. Нәтижесінде Астанада ашылған заманауи орталық мемлекеттің үлкен қолдауында болды.
– Клиника ашылғанда біз қандай аппарат сұрасақ та, соның ең бір қолданыстағы заманауи түрлері алғашқы кезекте тұрды. Қажетті 35 маманды 3 айдан 6 айға дейін Денсаулық сақтау министрлігі ақша бөліп, шетелге оқуға жіберді. Ағылшынша білетіні АҚШ, Жапонияға жіберілді де, Израиль орысша оқыту бағдарламасын ұсынғасын басым бөлігі сонда аттанды, – дейді Ақшолақов.
Осылайша, Орталық ашылғанда құрулы тұрған аппараттармен жұмыс істейтін дәрігерлер тегіс дайын тұрды. Сондықтан бұрын болмаған технологияларды, елімізде бұрын жасалынбай келген операцияларды жасау мүмкіндігі бірден туды. Ал клиниканың салтанатты ашылуына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі қатысты.
Серік Қуандықұлын табысқа жетелеген жан дүниесінің білімге деген құлшынысы. Өмірлік кәсібі осы орталықпен тығыз байланыстағы дәрігердің әріптестері мен шәкірттері де жаңалыққа құмар жандар. Оның соңғы жылдарда тәрбиелеген 5 ғылым докторы мен 15 ғылым кандидаты қазір әрқайсысы өз жолын тауып бұл саланың дамуына жан-жақты үлес қосып жүр.
Сонымен қатар шет елдік танымал журналдарда 100-ге жуық ғылыми мақалалары жарияланған Серік Ақшолақов 13 ғылыми монографияның авторы. Қазақстан медицинасының нейрохирургия саласына ол алпыстан астам операция жасаудың жаңа әдістерін енгізіп, өзі ми мен омыртқаға 5 мыңнан астам операция жасады. Ең бастысы, отандық операцияларға микронейрохирургияны, эндоскопиялық нейрохирургияны алғаш қолданысқа енгізіп, эпилепсияны жедел емдеуді хирургия тәсілімен жүзеге асырды. Бір күнде бірнеше ота жасайтын дәрігерлер, қажудан құтылудың жолдарын да жақсы меңгерген.
– Жұмыстың оңайы жоқ, шаршадым деп отырсақ, науқастардың жағдайы не болады? Сергек жүру үшін қыста – шаңғы жазда велосипед тебемін. Үнемі суда жүземін. Қаланың сыртына шығып, немерелеріммен демаламын. Орталығымыздағы спорт залына жиі бас сұғып тұрамын. Жалпы, нейрохирургияның бір ерекшелігі, мұндағылар жасаған отаның санына емес, сапасына қарайды. Өйткені бізде қиын оталар 8-10 сағатқа, оңай деген оталар кейде 4-6 сағатқа созылуы мүмкін. Бізге отаның уақыты емес, нәтижесі маңызды. Біз үшін нәтиже деген – науқастың көзін ашуы, тілге келуі және орнынан тұрып жүріп кетуі, – дейді Серік Ақшолақов.
Серік Қуандықұлының ғылымдағы жетістіктеріне үнемі қолдау көрсетіп отырған жұбайы да инемен емдеудің маман дәрігері. Ерлі-зайыпты дәрігерлер үнемі білімдерін шыңдап, халыққа қызмет етуді мақсат тұтқан жандар.
– Ота жасаған сайын уайымдаймыз. Уайымның бәрі жүйкеге ауыр тиеді. Жүйке сыр берсе, жан күйзеледі. Осының алдын алу үшін отбасымды қалқан қыламын. Менің жарым да дәрігер. Ол менің жағдайымды жақсы біледі. Отбасым менің өміріммен өмір сүреді, менің ығыма қарай ыңғайланады. Мен тек қана жұмыспен айналысамын. Сондықтан болар, ешқашан жан күйзелісін сезінген емеспін. Қазір 4 немерем бар. Солардың бірі 13 жасында «мен нейрохирург боламын» деп кесімді сөзін айтып жүр. Мен бұған, әрине, қуанамын, – дейді дәрігер.
Серік Ақшолақов жетекшілік ететін Орталық заманауи жаңа технологиялар енгізуден де еш жалыққан емес. Жоспарлар да баршылық. Онсыз болмайтыны да тағы белгілі. Мәселен, онда келер жылы жаңадан келген гамманайф аппаратымен емдеуді бастау жоспарлануда. Бұл құрылғы операцияның алдын алуда өте маңызды қызмет атқарады. Дертіне дауа іздеген жанның ауруын бастапқы деңгейінде күйдіріп, жойып жіберу арқылы емдейді екен. Арнайы орталықта қазір гаммонайф аппаратымен жұмыс жасайтын мамандар дайындалуда. Ал алдағы уақытта клиниканың ғылыми ізденістерін тереңдете түсу үшін Орталық Назарбаев Университетімен тығыз қарым-қатынастарын арттыра береді. Бұл Ақшолақовтар секілді жоғары білікті мамандардың арқасында ұлт саулығының деңгейі де жоғары деңгейде қамтамасыз етілетінін білдіреді.

Алмас БАЙДРАХМАН

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here