Болашақ біліммен баянды

0
14

Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында да жақында жарияланған жолдауында да сананы жаңғырту, білімнің салтанат құруы туралы сандарлы ойлар айтылып, бәсекеге қабілеттілік, тұлғалық даралық қасиеттер қалыптасуына айрықша маңыз берілді.

Білім – бүгінгінің басты қажеттілігі. Дүниетанымы кең адам ғана бәсекеге төтеп береді деген сөз. Өскелең ұрпақты әуелі білімге құштар болуға үндеудің сыры осында.
«Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді, – деген Елбасы өзінің мақаласында білім беру саласын жетілдіруге баса назар аударды.
Қазіргі күні жүрісі жылдам дәуірге қадам басып келеміз. Бұл уақытта тек заман талабына икемді, білімді адамдар ғана табысқа жете алады. Осыған байланысты инновациялық білім беру бағдарламалары мен ғылыми жобаларды іске асыру үшін қажетті білім беру саласындағы қазіргі заманғы басқару нысандарын енгізу, академиялық еркіндікті дамыту міндеті жүктелді. Бұл міндет білім беретін оқу бағдарламаларын дербес бекітуге, үлгерімді ағымдағы бақылауға, аралық және қорытынды аттестаттау жұмыстарына құқық беріп, ал академиялық еркіндік қағидаты орта білім беру жүйесін жаңғыртуға мүмкіндік жасайды.

Инновациялық білім беру ұйымдарының миссиясы мектеп-гимназия, мектеп-лицей қалыптастыру арқылы Назарбаев Зияткерлік мектептеріндегі озат тәжірибені тарату, лицей, гимназия сыныптарында жаратылыстану-математикалық және гуманитарлық пәндер бойынша тереңдетілген білім беру, физика, биология, химия, информатика пәндерін ағылшын тілінде оқыту. Оқу тәрбие үрдісіне білім берудің заманауи технологияларын және тәрбие берудің жобаларын енгізу, магниттік мектептер арқылы инновациялық мектептердің тәжірибесін тарату болып табылады. Қазіргі таңда аудандағы 3 инновациялық мектеп осы бағытта сәтті қадам жасап келеді. Ауданда білім мазмұнын жаңарту аясында 5 тірек мектеп бар. Жаңа үлгідегі физика кабинеті, интербелсенді тақта, компьютерлік қондырғылар, робототехника кабинеттері беріліп, білім сапасын арттыруға жағдай жасалуда. 2016 жылы жаңартылған білім мазмұны бойынша 279 мұғалім курстан өтті. 2017 жылы 335 мұғалім біліктілігін арттырса, 2018 жылы 216 мұғалім курстан өтеді деп жоспарланып отыр.
«Цифрлы Қазақстан», «Үш тілде білім беру» бағдарламалары да – қоғам көшінен адамзаттың қалыс қалмауына бастайтын тұғырлы тіреу. «E-learning» электронды оқыту жүйесіне 2013 жылы Қостанай ауданындағы 6 мектеп ендірілсе, 2017 жылы Заречный мектеп-лицейі мен Мичурин орта мектебінен алынып, қазір 4 мектеп жұмыс жасауда. 2016 жылдың қазан айынан бастап «Білім беру ұйымдарының оқушыларына арналған электронды журналдар мен күнделіктердің бірыңғай ақпараттық жүйесі» пилоттық жобасына 50 мектеп қосылған. Қазіргі таңда жүйеге 1429 мұғалім (100%), 8933 оқушының 4929-ы, 5237 ата-ананың 2251-і тіркелген.

«BilimLand» білім беру платформасына сәйкес 2017 жылы 14 мектеп онлайн, 36 мектеп оффлайн жүйесінде жұмыс жасады. 2018 жылы 39 мектеп онлайн, 11 мектеп оффлайн түрде жұмыс істеуде. Келешекте бүгінгі күні қажетті құзіреттіліктер мен маңызды саналатын дағдылар өзгереді. Соған сай мамандықтардың да деформациясы жүзеге асып, кейбір мамандықтар жойылып кетуі мүмкін. Сондықтан, құндылықтар жүйесінде білім аса маңызды шарт. Әсіресе, дүниежүзілік қауымдастыққа еркін ену үшін ағылшын тілін жаппай үйрену қажеттілігі дәлелдеуді қажет етпейді.

Мектептерде ағылшын тілін оқып жатқан балалардың латын графикасына көшуі тіптен жеңіл болмақ. Жаңа технологияның, коммуникацияның және ХХІ ғасырдағы ғылыми және білім беру үрдісінің ерекшеліктеріне байланысты латын графикасына көшу – заман талабы.

Осы жұмыстарды меңгеру барысында мемлекеттік тілде білім беретін Заречный орта мектебінде де біраз жұмыстар жүргізіліп, қазіргі таңда оң өзгерістер беріп жатыр.
– Мемлекеттік тілде оқытатын Заречный орта мектебі 2013 жылы жаңарған білім беру жүйесіне байланысты өзгерістерді бастап кетті. Себебі, осы уақытта жаңа жүйе бойынша біліктілікті арттыру курстары өте бастады. Осы кезде өзіміздің мектебіміздің даму жоспарын құрадық. Оның негізгі үш бағыты болды: кәсіби біліктілікті арттыру, дарынды балалармен жұмыс және критериалды бағалаудың маңызы. Сол кезде басталған жұмысымыз өз нәтижесін беруде. Биыл сол жоспардың қорытынды оқу жылы. Наурыз айында қорытынды конференция жасаймыз деп отырмыз, – дейді мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Нұрзия Саржанова.

Мектеп мұғалімдері кезең-кезең бойынша өз білімдерін кәсіби жетілдіріп, жаңаша білім беру мазмұнымен танысып, өткен оқу жылында тәжірибеде қолдана бастады.
– Жаңартылған білім беру жүйесінің ауыз толтырып айтатын тиімділігі – мұғалім мектептің жүрегі демекші, ұстаздардың біліктілігі артуда. Қазіргі таңда мектепте 54 мұғалім болса, соның 28-і жаңарған білім беру мазмұнына сай біліктілікті арттыру курстарынан өтіп, жаңа жүйеге 50% дайын отырмыз дей аламын. Әлі де курстарға қатысамыз. Алдағы екі жылда мұғалімдеріміздің біліктілігін 100% арттырамыз деп жоспарладық. Сондай-ақ, осы оқу жылынан бастап, 1,2,5 және 7 сыныптарда пән мұғалімдері жаңарған білім беру мазмұнында сабақ беруде. Бұның маңыздылығы – оқушыларды жаһандық құзіреттілікке тәрбиелеу, оқыту. Бұрын барлығын ұстаздар түсіндіретін болса, қазір мұғалім бірден өнімге жұмыс істейді. Яғни, сабақ үстінде балалар өздері жұмыс істеп, жаңа тақырыпты өзі түсініп алады, – дейді Нұрзия Молдабайқызы.

Яғни, жаңа оқу бағдарламасының басты ерекшілігі – оқушылар ынтымақтаса отырып, жұмыс істейді. Бұған дейін оқушы мұғалім мен оқулыққа ғана бағынатын тыңдаушы ғана еді, енді ол сыни тұрғыдан ойланып, өз ойын дәлелдей алатын тұлғаға айналады. Біліктілікті арттыру курстарында ұстаздарға осыны үйретеді. Білімін жетілдіріп, біліктілігін арттырған ұстаздардың бірі – биология пәні мұғалімі Динара Оралбаева.

– Бұл жүйенің көптеген ерекшеліктері бар. Алдымен, мұнда баға қойылмайды. Балаларды балдық жүйемен бағалаймыз. Оқушылар басында үйрене алмағанымен, бәрі жақсы қабылдады деп айта аламын. Нәтижесі жаман емес. Мұғалім ретінде менің басты міндетім оқушы бойында жақсылық пен адамгершілік қасиеттерін дамыту. Сонымен қатар балаларды өз беттерінше ізденуге үйрету. Сол үшін мен өз бетімше білімімді көтеріп, дайындық деңгейін жақсартуым керек. Міне, осы мәселе менің семинарлар мен біліктілікті арттыру курстарына қатысуға түрткі болды. Біліктілікті арттыру – табысқа жететін жол деп санаймын. Өйткені, біз білім беруде жоғары талаптар қойылатын қоғамда өмір сүреміз, – дейді Динара Оралбаева.

Сонымен бірге, білім саласындағы оң өзгерістердің бірі – үш тілде білім беру жүйесінің қалыптаса бастауы. Бұл орайда мектептегі пән мұғалімдері заман талабына сай бейімделіп, үш тілде дәріс беруді іске асыра білді.

– Оқу жылының басында бір айдан астам уақыт үш тілде білім беру бағдарламасымен оқуға барып келдім. Ақпан айының соңына қарай оқу тағы жалғасады. Қазіргі таңда жаңарған бағдарламаны үш тілде оқыту сабаққа кіріктіріліп жатыр. Бұл сабақтағы қарапайым терминологиядан басталады. Олардың ағылшын тіліндегі түсініктемелері беріледі. Балаларға қиын болмас үшін 5 сынып тек терминдерді айтса, 7 сынып оқушылары бір-екі сөйлемді ағылшынша айтулары керек. Көптілділік – заман талабы. Заманында ата-бабаларымыз «Жеті жұрттың тілін біл» деген сөзді бекерге айтпаса керек. Бәсекеге қабілетті мамандар даярлау үшін көптілді білім берудің ел болашағы үшін маңызы жылдан-жылға арта бермек, – дейді химия пәнінің мұғалімі, жас маман Елнұр Мұхамедқали.

Заман талабына сай жабдықталған мектептегі ұстаздардың талапқа сай жұмыс істеуге бетбұрыстары айқын көрініс тауып жатыр. Бүгінгі мұғалімнің еңбегі, тынымсыз ізденуді, үздіксіз кәсіби дамуды талап етеді. Есенсіне ұстаздар осының арқасында қоғамның сұранысына лайықты, өз бетінші шешім қабылдай алатын, болашаққа жан-жақты көзқарасы бар тұлға қалыптастарады.

Алмас БАЙДРАХМАН

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here