Үштілділік — жаңа заман сұранысы

0
21

«Қазақстан бүкіл әлемде үш тілді пайдаланып жоғары білімді ел ретінде танылуға тиіс. Бұлар, қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі – ұлтаралық қатынас тілі және ағылшын тілі – жаһандық экономикаға ойдағыдай кірігу тілі», – деп Елбасымыз өз жолдауында айтып кеткендей, қазіргі заман ағылшын тілін талап етуде. Ағылшын тілі бірінші дүниежүзілік әмбебап тілі болып табылады.

Бүгінгі нарық заманы бізден бәсекеге қабілетті болуымызды, дамыған отыз елдің қатарынан көрінуіміз үшін білімді де озық ойлы азаматтарды тәрбиелеуімізді талап етеді. «Елу жылда ел жаңа…» демекші, еліміз тәуелсіздікке қол жеткізгеннен бері әлемнің көптеген дамыған елдерімен мәдени, экономикалық, саяси және әлеуметтік жағынан байланыс жасап келеді. Бұл қатынастардың оң нәтижелі болуы, ел мен елдің, халық пен халықтың өзара ынтымақтастығы, өзара түсіністігі, яғни тіл білуінен.

ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев Қазақстандағы тілдердің үш тұғырлығы туралы ойды алғаш рет 2006 жылы Қазақстан халқының Ассемблеясында айтқан. 2007 жылғы «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» жолдауында Елбасы «Тілдердің үштұғырлығы» мәдени жобасын кезендеп іске асыруды ұсынды.

Жоғарыда айтқанымыздай, тілдердің үштұғырлығы идеясында Елбасы оған нақты анықтамасын берген, қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі – ұлтаралық қатынас тілі, ал ағылшын тілі – жаһандық экономикаға ойдағыдай кірігу тілі. Елбасының 2011 жылғы «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» атты жолдауында 2020 жылға дейінгі еліміздің әлеуметтік – экономикалық дамуының нақты жоспарын айқындап берді. Елбасының бұл жоспары Қазақстанның әлемдік дағдарыстың қашан аяқталуын күтпей өзіндік даму стратегиясын алдын ала белгілеуі деп айтар едім. Президентіміз тек экономиканы ғана емес, сонымен қатар ғылым мен білім, денсаулық сақтау салаларын барынша дамытуға көп көңіл бөлгендігін ерекше атап өтті. Осы жолдауда білім мен ғылымның модернизациясын жалғастыру қажеттігін меңзеді.

Сонымен қатар Нұрсұлтан Әбішұлы: “Мектептерге ағылшын тілінен шетелдік оқытушыларды тарту қажет. Кез келген орта мектептің балаларға ең жоғары деңгейде шет тілін оқып үйренуіне жағдай жасайтындай дәрежеге қол жеткізуіміз міндет” – деп ерекше атап көрсеткен.

Бір шаңырақты көтеру үшін үш діңгек керек емес. Бір діңгекпен көтерген шаңырақтың жан-жағынан уықтар қадалып, оның беріктігін қамтамасыз етеді. Біздің алтын діңгегіміз, тұғырымыз – қазақ тілі, ал жан-жағынан өзге тілдер мемлекеттік тілді қолдап уық секілді қадалады. Бірақ кейбіріміз үштілділік үдерісі жөнінде басқаша көзқарас танытып жатамыз. Мұның себебі осы бір сөздің мағынасын түсінбеуден келіп шығады. Бірқатары осы бағытты ұстануға оң көзбен қарап, құптаса, енді бірі өз қарсылықтарын білдіруде.
Атап айтсақ, саясаттанушы Қайдар Әбдуәлидің: «Мемлекет басшысы жаһандану жөнінде мәселе көтергенде де өре түрегелдік. Жаһандану дегеніміз қарапайым сөзбен айтқанда жоғары деңгейге жеткен елдермен қарым-қатынасымызды нығайту. Соның бірі – тілдік коммуникация. Бұл үшін халықаралық қатынас тілі болып жүрген ағылшын тілін үйренуге жастарымызды жатпай-тұрмай баулуымыз керек. Оның қажеттілігін уақыт өткен сайын өткір сезініп келеміз» деген ойын Айдос Сарым ары қарай жалғастырды: «Ағылшын тілін үйренгеннен біз мәңгүрттенбейміз. Ағылшын тілі қазақ тілін үйренуге ешқандай кедергі жасамайды. Тек соны түсіне білуіміз керек. Себебі, ағылшын тілі мемлекеттік тілмен бәсекелес емес».

Әлемдік ғаламдандырудың өткізгіші, ғаламдандыру тілі болып танылған ағылшын тілін білу – ағылшын тілді елдермен тиімді байланысқа түскен әлемдік деңгейде өз орнын ойып тұрып ала бастаған Қазақстан үшін қажеттілік. Қиындық туғызатыны – аталған үш тілді меңгерген мамандардың кездесе бермейтіні. Сол себепті қазақ, ағылшын орыс тілі қатысқан үштілділік сөйлермендерін дайындау кезек күттірмейтін мәселе.

Елбасы «Қазақстан – 2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Біз ағылшын тілін игеруде серпіліс жасауымыз керек» – деген. Демек, ағылшын тілін білмей, заман талабына лайықты, бәсекеге қабілетті тұлға қалыптастыруға толық қол жеткізе алмаймыз. Іргелес мемлекеттерден анағұрлым ілгері тұрған Қазақстан қазіргі жетістіктерімен шектеліп қалмау үшін де көптілділікке ұмтылуда. Өйткені, еліміздің біліктілігі мен сауаттылық деңгейін әлемге танытып, алпауыт мемлекеттермен тереземізді теңестіру мүмкіндігіне жетелейтін қадамдардың маңыздысы – көптілділік.

Ағылшын тілі – бүгінгі заманымыздың кілті, ақпараттық технологияның, компьютер технологиясының кілті деуге болады. Бүгінгі әлемде мыңдаған адамдар шетел тілін, соның ішінде ағылшын тілін жұмыста немесе оқуда пайдаланады және ана тілі ретінде меңгереді. Қазіргі заманда ағылшын тілі «21 ғасырдың», халықаралық бизнес, қазіргі ғылым мен технологиялар тілі мәртебесіне ие болды.

Ағылшын тілін оқып-үйренемін деушілердің саны күннен-күнге көбеюде. Бұл сайып келгенде, шет тілін, соның ішінде ағылшын тілін мектеп қабырғасынан бастап жоғары оқу орындарында оқыту әдістемесінің жаңа бетбұрыстарды қажет екендігін тудырады. Қазіргі уақытта, ағылшын тілін меңгерудің талабы жоғары болғандықтан, ағылшын тілін тереңдетіп үйренуге арналған арнайы мектептер, гимназиялар, колледждер көптеп ашылуда.

Бүгінде осы үштілділікті қолдау, қолдану мақсатында біз, мұғалімдер өз үлесімізді қосуға, оқушыларға аталған жаңа талаптарға сай білім беруге бір кісідей ат салысамыз. Үштілді оқыту – жас ұрпақтың білім кеңістігінде еркін самғауына жол ашылатын, әлемдік ғылым құпияларына үңіліп, өз қабілетін танытуына мүмкіншілік беретін бүгінгі күнгі ең басты қажеттілік. Қарапайым тілмен айтқанда, қазақ тілді дамыту керек, орыс тілін қолданамыз және ағылшын тілін үйренеміз.

Қаракөз ШИН,
№1 Затобол орта мектебінің ағылшын тілі мұғалімі

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here